Шәмші мұрасы – мәңгілік
Луговой ауылдық мәдениет үйінде қазақ вальсінің королі, халық композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән патшасы – Шәмші» атты мерекелік байқау өтті. Байқаудың мақсаты Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын кеңінен насихаттап, жас ұрпақты ұлттық музыка өнерін құрметтеуге тәрбиелеу болды.
Іс-шараға ауылдың әртүрлі мекемелерінің өнерпаздары қатысып, ұлы композитордың мәңгілік әуенге айналған әндерін тамылжыта орындады. Әр үміткер өзіне тән мәнермен Шәмші әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі бірінші орынды аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының мұғалімі Жазира Есболова иеленді. Жүлделі екінші орын 03811 әскери бөлімінің қызметкері Эсмира Сегізбайға, үшінші орын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Тұрар Жанділдаға бұйырды. Байқауға қатысқан өзге ұжымдар да аталымдар бойынша марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға ризашылықтарын білдіріп, Шәмші мұрасының мәңгілік екендігін атап өтті.