Күй — қазақтың жүрек үні

0 10

Қазақтың сырын, мұңын ешбір сөзсіз халыққа жеткізе білетін құдіретті күш – күй. Күй адамның немесе кез келген жаратылыстың белгілі бір кезеңдегі көңіл-күйін домбыра үнімен жеткізеді. Қазақ күйлері – халқымыздың рухани қазынасының алтын қазығы. Олар тек музыкалық шығарма емес, тұтас бір халықтың жан-дүниесі, тарихы, ойтолғамы, жүрек сыры. Домбыраның қос ішегі арқылы шертілетін күй кейде қуантады, кейде жылатады, кейде шабыттандырады. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тыңдағанда кең далада еркін шапқан тұлпардың тұяқ дүбірін естисің. Күй – халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды, қайғы мен қуанышты да баяндайтын шежіре.

Жау шапқан заман, ерлік пен елдік, жақын адамның өлімі – бәрі-бәрі күй арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Оған «Ақтабан шұбырынды», «Елім-ай», «Қалмақ қырған» тағы басқа күйлер куә. Әр күй – күйшінің ішкі жан-дүниесінің көрінісі. Күйді тыңдау арқылы сол адам не сезінгенін, қандай күйде болғанын ұғынасың. Бұл – күйдің психологиялық тереңдігін көрсетеді. Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі – туған жерге деген сағынышты бейнелесе, Құрманғазының «Адай» күйі – қазақ рухының, еркіндіктің, намыстың символына айналған. Нақтылап айтқанда, күй – қазақтың жүрек үні. Ол – үнсіз айтылған сөз, көзге көрінбейтін сурет, тарихпен жазылған поэма.

Қазақ үшін күй – жай ғана музыка емес, ол – жан азығы, рух серігі, ұлттық болмыстың айнасы. Күй тыңдағанда бойыңды елдік рух, ұлттық мақтаныш сезімі кернейді. Ол сені өткенмен байланыстырып, болашаққа сенім сыйлайды. Иә күй – тек өнер ғана емес, ол – тәрбиенің, рухтың, сабырдың, тектіліктің мектебі.

Бүгінде бұл бай мұрамыз жас орындаушылар арқылы жаңғырып, әлем сахналарында орындалуда. Сондай-ақ қазақ күйлері зерттеліп, халықаралық қатынастар мен мәдениет алмасу арқылы да шетелдерге жетіп жатыр. Мәселен, Бейжіңде өткен «Melodies of the Great Steppe» жобасы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары ұлттық оркестрі Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін орындап әлемді тербетті, десек артық айтқанымыз емес. Ал оркестрдің 90 жылдығына арналған жобада қазақ күйлері 80 елге, оның ішінде Франция, Италия, Чехия, Польша, Португалия, Дания елдерінде тартылды.

Иә, дәстүрлі өнер – ел мен елді, халық пен халықты жақындастыратын мәдени ошақ. Оған әрқашан да қолдау керек. Дәстүрін ұлықтаған халықтың өзі де ұлық болады.