Жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артып келеді

0 5

Өздеріңізге белгілі, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артып келеді. Жылдан жылға денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру да артуда.

Облысымызда бүгінгі таңда  952 мың адам (80,8 пайыз) сақтандырылған, оның ішінде 700 мыңнан астамы – жеңілдік санатындағы азаматтар (жарнаны мемлекет төлейді). 224 мың адам сақтандырылмаған.

МӘМС жүйесі арқылы Қор ай сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері аясында көрсетілген қызметтер үшін төлемдерді жүзеге асырып отырады. 2025 жылы облыс бойынша денсаулық сақтау саласына 132,6 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылы бұл сома 129 миллиард теңгені құраған болатын. Яғни, биылғы жылы қаржыландыру көлемі 2,8 пайызға немесе 3,6 миллиард теңгеге артқан.

МӘМС – жинақтаушы жүйе емес. Сондықтан сақтандырылған әр азамат жарна мөлшеріне қарамастан қажетті медициналық көмекті толық көлемде алуға құқылы. Биыл 9 айда жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 2 миллиард теңге бағытталып, 579 кардиохирургиялық, 812 нейрохирургиялық күрделі операция жасалды. Бұл операциялардың әрқайсысының құны 2-4 миллион теңгеге дейін жетеді және МӘМС арқылы толық қаржыландырылады.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралды ұрықтандыру қызметтері де жалғасуда. 2024 жылы 334 млн теңгеге 281 қызмет көрсетілсе, 2025 жылы 278 миллион теңгеге 228 қызмет жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 150 жағдайға 183,6 миллион теңге бөлінді (орташа құны – 1 224 057 теңге).

Жалпы, «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынғалы бері облыста осындай жолмен 350-ден астам бала өмірге келді.  Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау мен денсаулық сақтау саласындағы маңызды жетістіктердің бірі болып саналады.

Медициналық оңалту – МӘМС пакетіндегі сұранысы ең жоғары әрі қымбат қызметтердің бірі. Қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2019 жылы – 630 миллион теңге, 2025 жылы – 4,6 миллиард теңге (өсім 7,3 есе). Оңалту қызметтері инсульт, жарақат, операциялардан кейін, созылмалы аурулар кезінде көрсетіледі. Балаларға да (мысалы, ДЦП, тірек-қимыл жүйесі бұзылыстары) толыққанды оңалту мүмкіндіктері ұсынылады.

Консультациялық және диагностикалық қызметтерге деген сұраныс жоғары. Есепті кезеңде алғашқы медициналық-санитариялық көмек аясында жалпы сомасы 24 669 289 686,23 теңгенің КДУ қызметтерін өңірдің 814 666 тұрғыны алды. МӘМС пен ТМККК шеңберінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтуға 11,8 миллиард теңге бөлінді. 2025 жылдың 9 айында 662 993 рецепт жазылып, науқастарға 9, 056 миллиард теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек берілді.

Биыл МӘМС туралы заңға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда енді әлеуметтік әл-ауқаты төмен, дағдарыстық жағдайда (D және E деңгейі) тұрған азаматтар үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдар төлейді. Ресми жұмыссыздар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне енеді. Сақтандыру мәртебесін сақтау мерзімі ұзарды. Бұрын 3 ай ғана болса, енді соңғы 5 жылда тұрақты жарна төлеген азамат үшін мәртебе 6 ай сақталады.

2026 жылдан бастап онкоскринингтер барлық азаматтарға тегін (сақтандырылуына қарамастан) әрі ТМККК тізіміне енгізіледі. Бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жүргізілсе, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт жағдайларына күдік туындағанда да диагностика мен кеңестер тегін жүргізіледі.