Құқықбұзушылықтың алдын алу – басты назарда

0 8

Меркі ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жүргізіп, күн тәртібіне енгізілген өзекті мәселелерге назар аударды. Отырысқа аудандық прокуратура, полиция бөлімі, орталық көпбейінді аурухана өкілдері, ауылдық округ әкімдері және аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде облыстық білім және денсаулық сақтау мекемелерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарып жатқан жұмыстары қаралды. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Сәуле Иманалиева мен аудандық көпбейінді орталық аурухананың заңгері Жанна Даулетова баяндама жасады. Полиция бөлімінің бастығының орынбасары Мадияр Қуанышбеков адам саудасының алдын алу және осы бағыттағы шаралар туралы ақпарат беріп, құқық қорғау органдарының жүргізіп жатқан жұмыстарын баяндады. Сонымен қатар, есірткі бизнесіне қарсы күрес пен оның алдын алу мәселелері де талқыланды. Аталған тақырып аясында Мадияр Қуанышбеков пен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Бақытжан Күлтаев өз баяндамаларын ұсынып, нақты статистикалық мәліметтер мен іс-шаралар жоспары туралы айтты.

Күн тәртібінің соңында 2025 жылғы 12-маусым және 24-шілде күндері өткен комиссия отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бұл жөнінде Бақытжан Күлтаев есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.Жиын барысында қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, нақты шешімдер қабылданды.

Қорытынды сөзінде аудан әкімі Ербол Жиенқұлов құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.