Меркіде қант қызылшасы қарқынды жиналуда

0 11

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, қант қызылшасын жинау барысын және Меркі қант зауытындағы өндіріс процесін арнайы бақылап қайтты. Аймақ басшысы егіс алқаптарын аралап, кәсіпорынның өнім қабылдау жұмысы, зертханалық тексеру, кагаттық алаңдардың жағдайымен танысып, диқандармен еркін пікір алмасты.

Сапар барысында әкім алдымен «Smartagro Karkara» ЖШС-ның алқабына барды. ЖШС басшысы Нұргелді Әбжапаров биыл шаруашылық 600 гектар егістікке қант қызылшасын, арпа және бидай еккенін айтты. Жаңбырлатып суару технологиясын тиімді қолдану нәтижесінде әр гектардан 60 тоннаға дейін өнім алынуда. Егін жинауға 73 техника мен 25 адам жұмылдырылған. Шаруашылық келер жылы егістік құрылымын әртараптандыру мақсатында жүгері өсіруді жоспарлап отыр. Ал жаңадан алынған техникалар қант қызылшасын жинау жұмыстарын едәуір жеңілдеткен.

Облыс әкімі бұдан кейін «Жансая» ЖШС-ның 100 гектар алқабын аралап көрді. 2002 жылы құрылған серіктестікте бүгінде 15 адам еңбек етеді және 28 техника бар. Шаруашылық келесі жылы тамшылатып суару әдісін енгізуді межелеп отыр. Ербол Қарашөкеев диқандардың еңбегіне алғыс айтып, мемлекет тарапынан ауылшаруашылығына көрсетілетін қолдау жалғаса беретінін жеткізді.

Сапардың маңызды бөлігі Меркі қант зауытындағы жұмыстарды бақылаумен жалғасты. Зауытта өнімді қабылдау барысында әр ауданға шекті лимит белгіленіп, талон арқылы қабылдау жүйесі ұйымдастырылған. Шаруалардың айтуынша, тәтті түбірді өткізу кезінде ешқандай қиындық жоқ. Биыл облыс бойынша 5,3 мың гектар алқаптан 250 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарланған. 10 қазаннан бастап өнім қабылдап келе жатқан зауытқа қазіргі таңда 2,3 мың гектардан жиналған 122,6 мың тонна өнімнің 101,1 мың тоннасы тапсырылған. Кәсіпорын тәулігіне 5 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдап, 2,5 мың тоннадан астамын өңдейді.

Шаруаларға қант қызылшасының әр келісіне 38 теңге субсидия беріліп отыр. Оның 25 теңгесі мемлекет есебінен, ал 13 теңгесі зауыт тарапынан төленеді. Бұл қолдау диқандардың шығындарын азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға серпін беруде.

Меркі жерінде қант қызылшасын жинау науқаны қызу қарқынмен жалғасуда. Мемлекеттік қолдау мен озық технологиялардың арқасында тәтті түбір өсіру аймақтағы ауылшаруашылығының маңызды бағыттарының бірі ретінде дамып келеді.