86,4 тонна ауылшаруашылығы өнімі саудаланды

0 3

Тараз қаласында өткен ауылшаруашылығы жәрмеңкесін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аралап, ұсынылған өнімдердің сапасы мен бағасын бақылап шықты. Аймақ басшысы тұрғындармен тілдесіп, жәрмеңкенің ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын берді.

Жәрмеңкеге өңірдің ауылшаруашылығы тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қоры жалпы құны 108,5 миллион теңге болатын 86,4 тонна өнім жеткізді. Сауда сөрелеріне 23,5 тонна ет, 3 тонна шұжық өнімі, 8,5 тонна сүт өнімі, 12 мың дана жұмыртқа, 0,6 тонна кондитерлік өнім, 3,9 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 31,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімі қойылды. Ұсынылған өнімдер нарықтағыдан 10–20 пайызға төмен бағада сатылды. Тұрғындар сапалы әрі қолжетімді өнім сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Аймақ басшысы шаруалармен пікірлесіп, баға тұрақтылығын сақтау мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Азық-түлік қауіпсіздігі – экономикалық тұрақтылықтың негізгі кепілі. Ел Президенті баға тұрақтылығын жеке бақылауында ұстап отыр. Облыста өндірілетін өнім көлемін арттырып, ішкі нарықты өз тауарларымызбен қамтамасыз ету – басты міндет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жәрмеңке барысында облыс әкімі Тараз қаласындағы «Бәйтерек» және «Аса» шағынаудандарында орналасқан әлеуметтік дүкендердің жұмысымен де танысты. Бұл нысандарда тұрғындарға күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары қолжетімді бағамен ұсынылады. Қазіргі таңда Тараз қаласында 12, ал Жуалы ауданында бір әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы дүкендер  арқылы жалпы құны 68 миллион теңге болатын тауарлық интервенция жүргізіліп, негізгі азық-түлік өнімдері әлеуметтік бағада саудаға шығарылған.

Жәрмеңке мен әлеуметтік дүкендердің басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.