Таразда білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

0 4

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау және мемлекеттік орган басшылары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қауымдастығы өкілдері қатысты. Ал ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, ҚР Бас прокурорының көмекшісі Нұрбосын Мақашев және оңтүстік өңірлердің білім саласына жауапты өкілдері кеңеске онлайн форматта қосылды.

Министр Жұлдыз Сүлейменова жиын барысында еліміздің білім беру жүйесіндегі өзекті бағыттарға тоқталып, арнайы жұмыс тобының облыс мектептерінде жүргізген тексеріс қорытындыларымен таныстырды. Ол тәрбиелік және құқықтық бағыттарда жүйелі жетілдіруді қажет ететін бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – мемлекеттің айрықша назарындағы мәселе. Баланың қауіпсіздігі – жеке тағдырдың ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығының кепілі. Тек өзара үйлесімді іс-қимыл мен бірлескен әрекет арқылы ғана өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыра аламыз, – деді министр.

Өз кезегінде өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының білім беру саласындағы даму қарқыны мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы өңірдің білім саласына 344,3 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда облыста 26 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосалқы ғимарат пайдалануға берілмек. Ал 2026 жылы тағы 11 жаңа білім ошағы іске қосылады деп жоспарлануда.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде бүгінге дейін 6 жаңа мектеп ашылды, жыл соңына дейін тағы бір білім ордасы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар мектептер 1,7 миллиард теңге көлемінде заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Биыл «Дарын» мамандандырылған лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшіріліп, заманауи оқу құралдарымен толық жабдықталды. Сондай-ақ облыста алғаш рет дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылды.

– Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты әлеуметтік басымдықтарымыздың бірі. Осы мақсатта облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын құру бағытында нақты қадамдар жасалды. Жаңа құрылым балалардың мүддесін қорғау, отбасыларға көмек көрсету және осы саладағы қызметтердің жұмысын үйлестірумен айналысатын болады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кеңес барысында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс прокуратурасының басқарма басшысы Ердос Мақашев және облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алып, өз салалары бойынша ұсыныстарын білдірді.

Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, министр қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Кеңесте айтылған ұсыныстарды іске асыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленетін болды.

Жұмыс сапары аясында Жұлдыз Сүлейменова Тараз қаласы мен Байзақ және Жамбыл аудандарындағы бірнеше білім беру мекемелерін аралап, олардың материалдық-техникалық жағдайымен танысты.