Әлемдік аренадағы жетістіктері қомақты
Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» 2025 жылғы қызмет қорытындысына арналған баспасөз брифингі өтті. Клуб басшысы Нұржан Жолдасбеков тілшілер қауымына облыстағы пара және сурдо спорт түрлерінің дамуы, жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен әңгімеледі.
Спикердің айтуынша, 2013 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан клубтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге белсенді көзқарасын қалыптастыру, спорт арқылы олардың әлеуетін ашу және Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық бағыттағы спорт түрлерін дамыту.
– Бүгінде біздің клубта 16 спорт түрі қамтылған, 385 спортшы тұрақты түрде жаттығумен айналысады. Оларға 30-дан астам жаттықтырушы тәлім береді. Олардың қатарында еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары мен халықаралық дәрежедегі мамандар бар. Ең бастысы – спортшыларымыздың бесеуі мүмкіндігі шектеулі болса да, өз еңбегімен тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – спорттың әлеуметтік әлеуетінің айқын көрінісі, – деді Нұржан Қырықбайұлы.
Клубтың кадрлық құрамы жыл санап артып келеді. 2025 жылы штаттық бірлік 48 адамға жеткен. Ал өңірлерден қатысып жүрген спортшылар саны – 29. Оның ішінде Талас ауданында арнайы «Үміт» мектеп-интернатында отырып ойнау волейболынан бөлімше ашылып, сол жерде жаттықтырушы қызметі ұйымдастырылған.
Бүгінде жамбылдық жаттықтырушылардың бірқатары Қазақстан ұлттық құрамаларының бас бапкерлері қатарында еңбек етуде. Олардың қатарында пара жеңіл атлетикадан – Тахир Мамашаев, пара таеквондодан – Нұржан Есильбаев, пара пауэрлифтингтен – Руслан Греев, сурдо күрестен – Ерназар Қонысбаев, пара армрестлингтен Виталий Трубин мен Диана Мойсиади бар.
Клуб спортшыларының биылғы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Олар жыл бойы 16 спорт түрі бойынша 25 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 5 облыстық, 43 республикалық және 21 халықаралық жарысқа қатысып, 239 алтын, 168 күміс және 134 қола медаль иеленді. Нәтижесінде 10 спортшы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 спортшы – Қазақстан Республикасының спорт шебері, 14 спортшы спорт шеберлігіне кандидат атанды. Сондай-ақ сурдотаеквондо жаттықтырушысы Ан Александр Викторович пен паратаеквондо жаттықтырушысы Есильбаев Нұржан Чалобаевич «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды.
Биылғы ең ірі жетістіктердің бірі – Қазақстан Республикасының VII Спартакиадасына жамбылдық спортшылар 12 спорт түрінен қатысып, 34 алтын, 23 күміс, 13 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынды иеленді. Сондай-ақ Сингапурда өткен әлем чемпионатында жүзуші Жұмағали Нұрдаулет брасстан 100 метр қашықтықта күміс жүлде иеленіп, әлемнің үш дүркін жүлдегері атанса, қол күресінен Болгарияда өткен әлем чемпионатында Верина Татьяна екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ал Ташкенттегі Азия чемпионатында Берік Нұрымов ардагерлер арасында блицтен алтын, классика бағдарламасында күміс медаль жеңіп алды.
Алда жаңа белестер тұр. Жыл соңына дейін спортшылар Астана, Токио және Дубай қалаларында өтетін халықаралық жарыстарға қатысады. Олардың қатарында Сурдлимпиада ойындары мен Азия чемпионаттарының үздік өрендері бар.
– Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ешқандай кедергіге мойымай, ел намысын абыроймен қорғауына жағдай жасау. Әлемдік аренада жамбылдық спортшылардың жалауы желбіреуі облыс спортының зор әлеуетін көрсетеді, – деді спикер өз сөзінде.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері клуб басшысына сұрақтарын қойып, өңірдегі пара және сурдо спорттың болашағына қатысты тұшымды жауаптар алды.