Әлеуметтік сала қызметкерлері құрметке бөленді

0 9

Меркі ауданында әлеуметтік сала мамандарына арналған салтанатты жиын өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ернар Әбілдаев іс-шара барысында сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғам игілігі жолындағы еңбектерін жоғары бағалады.

— Әлеуметтік сала қызметкерлері – халық әл-ауқатын жақсартуда, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда ерекше рөл атқарып келеді. Сіздердің табандылықтарыңыз бен адалдықтарыңыз адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған, сондықтан еңбектеріңіз әрқашан құрмет пен алғысқа лайық, — деді Ернар Әбілдаев.

Мерекелік жиын барысында саладағы үздік қызметкерлер марапаттарға ие болды. Көптеген мамандар аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарына, сондай-ақ облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Меркі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Алғысхаттарына ие болды.

Бөлім басшысы Нұржан Төлебаев та сөз сөйлеп, сала қызметкерлері мен ардагерлерін мерекемен құттықтады. Ол әлеуметтік саладағы әрбір маманның еңбегін тұрғындардың өмірін жақсартуға қосқан үлес ретінде атап өтті.

Марапатталған қызметкерлер өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да қоғам игілігі үшін аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.

Бұл іс-шара әлеуметтік сала мамандарының қажырлы еңбегіне деген алғыстың, құрмет пен ізгі ниеттің көрінісі болды.