Спорт мектебінің жетістіктері қомақты
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің биылғы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баспасөз конференциясы өтті. Жиында аталған спорт мекемесінің директоры Нұрлан Саурықов БАҚ өкілдеріне мектептің жұмысы жөнінде кеңінен баяндап, жеткен жетістіктерін атап өтті.
Нұрлан Байұзақұлының айтуынша, аталмыш спорт мектебі 2001 жылы құрылған. Бүгінде Тараз қаласында орналасқан мекеме өз жұмысын қарқынды жалғастыруда. Қазіргі таңда мектепте 9 олимпиадалық спорт түрі — велосипед спорты, жеңіл атлетика, жүзу, қазіргі бессайыс, оқ ату, семсерлесу, су добы, теннис және триатлон бойынша жаттығулар жүргізіледі. Бұл бағыттарда 40 білікті жаттықтырушы 1102 спортшыны тәрбиелеуде.
Мектептің тарихи жетістіктері де аз емес. Мұнда әр жылдары Қазақстан спортына үлкен үлес қосқан бірқатар саңлақ тәрбиеленген. Атап айтқанда, су добынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазіргі таңда Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Жақаева Әсел, 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының қатысушысы Алтаев Алтай, велосипед спортынан әлем кубогының күміс жүлдегері Ұлысбаев Дінмұхамет, қазіргі бессайыстан Париж Олимпиадасының қатысушысы Георгий Борода-Дудочкин, пара жүзуден Токио және Париж Олимпиадаларының күміс жүлдегері Жұмағали Нұрдаулет сынды спортшылар осы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан.
Биылғы жылы мекемеде бірқатар инфрақұрылымдық жаңартулар жүргізілген. Спикердің айтуынша, спорт мектебінің велобаза ғимаратының екінші қабатындағы спорт залы мен дәліздер жөнделіп, қыздардың киім ауыстыру бөлмесіне жаңа шкафтар орнатылған. Сонымен қатар әдіскерлер бөлмесі, қабылдау бөлімі, әкімшілік ғимараттың қабырғалары жаңартылып, жарық шамдары ауыстырылып, «Дельфин» бассейні сырланған.
Жыл басынан бері мектеп спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда ел мерейін асырып, өңір абыройын арттырды. Су добынан Қытайда өткен Азия чемпионатында Адай Ақжан мен Озская Алина жүлделі үшінші орынды иеленсе, Сингапурде өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде ұлдар құрамасы – 3-орын, қыздар құрамасы 2-орын алған. Велосипед спортынан Тайландтағы Азия чемпионатында Ангелина Буренкова жеке есепте жеңімпаз атанып, командалық эстафетада күміс медаль иеленген. Қытайда өткен додада Ли Юлия да эстафеталық жарыста екінші орынды еншілеген. Мектеп тәрбиеленушілері қазіргі бессайыстан Бурабайда ұйымдастырылған Азия чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлде иеленсе, оқ ату бойынша Шымкентте өткен Азия чемпионатында 3 күміс медалды қанжығаға байлаған.
Төрт жылда бір рет өтетін Қазақстанның Жастар ойындарында да мектеп спортшылары орасан табысқа жетіпті. Су добынан облыс құрамасы сапында ұлдар мен қыздар жеңімпаз атанса, қазіргі бессайыстағы командалық есепте 2-орынды иеленген. Велосипед спортында 4 алтын, 2 күміс, 1 қола, ал оқ атуда 3 күміс пен 5 қола жүлде иеленген.
Спорт мектебінің шәкірттері жыл басынан бері ҚР чемпионаттарында жалпы есепте 50 алтын, 51 күміс, 66 қола медальға ие болған. Бұл жетістіктер – спортшылардың табандылығы мен жаттықтырушылар еңбегінің нақты нәтижесі.
«Бұл – біздің жетістіктеріміздің бір бөлігі ғана. Алда спортшыларымыз халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз», – деді Нұрлан Байұзақұлы.