Құтқарушы күні мен ТЖМ-нің 30 жылдығы аталып өтті
Тараз қаласында Құтқарушы күні мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың басшылары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Мерекелік іс-шара ерлікпен қаза тапқан Халық қаһармандары Мейіржан Айманов пен Ғазиз Байтасовтың ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қою, олардың рухына тағзым ету рәсімімен басталды. Бұл – қауіп-қатерге қарсы тұрып, ел амандығы жолында жан қиған батырларға деген халықтың құрметі.
«Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров төтенше жағдайлар қызметінің қоғамдағы маңызына тоқталып, ел қауіпсіздігі жолындағы тынымсыз еңбектері үшін сала мамандарына алғыс айтты.
– Құтқарушы – қайсарлық пен ерлікті талап ететін ерекше мамандық. Олар сын сағатта батыл шешім қабылдап, адам өмірі үшін күресетін жандар. Мұндай мамандар қандай марапатқа да лайық, – деді ол.
Мереке аясында төтенше жағдайлар кезінде ерекше көзге түскен мамандар түрлі марапаттарға ие болды. Бірқатар қызметкерге облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғысхаттар табысталды. Сонымен бірге, материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында департаментке 10 теледидардың сертификаты берілді.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Арман Тоқанов сала үздіктеріне арнаулы атақтар мен «Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл» мерекелік медалін табыстады. Бұдан бөлек, қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан құтқарушылардың ата-аналары мен жұбайларына қаржылай сертификаттар беріліп, ерекше ілтипат көрсетілді. Бұл – ел үшін жанын қиған жандардың жақындарына деген шынайы құрметтің белгісі.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, жиналғандарға рухани әсер сыйлады.
Айта кетейік, дәл осы күні қала орталығындағы алаңда заманауи өрт сөндіру және құтқару техникалары мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілік, әсіресе балалар қауымы арнайы техникалармен жақын танысып, мамандармен естелік суретке түсті.