Су саласының саңлақтары спорт алаңында кездесті

0 7

Облыстың су шаруашылығы саласында еңбек ететін мамандар алғаш рет спорт алаңында бас қосты. Меркі ауданында Республика күні мен Жұмысшы мамандықтарының жылына орай ұйымдастырылған «Су мамандарының спартакиадасы – 2025» атты облыстық жарыс тартысты әрі мерекелік көңіл-күйде өтті.

Дәстүрге айналар алғашқы бәсекеге «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының орталық аппараты мен өңірдегі барлық аудандық бөлімшелердің құрама командалары қатысып, бірнеше спорт түрінен өзара бақ сынасты.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қайрат Аманов және саланың ардагер мамандары қатысушыларға сәттілік тілеп, Республика күнімен және вегетациялық маусымның табысты аяқталуымен құттықтады.

– Су саласы – ауылшаруашылығы мен ел экономикасының күретамыры. Бұл салада еңбек ететін азаматтар – нағыз еңбек ерлері. Бүгін сіздер спорт арқылы бірлік пен ептілікті, ұйымшылдық пен табандылықты көрсетесіздер. Бұл жарыс тек бәсеке емес, әріптестік пен достықты нығайтатын тамаша мүмкіндік, – деді филиал басшысы Қайрат Аманов.

Жарыс бағдарламасына қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тарту, жүгіру және кіші футбол сынды спорт түрлері енді. Әр команда жеңіске жету үшін барын салып, жанкүйерлерге қызықты әрі әсерлі сәттер сыйлады. Сайыстың шынайы рухы мен қатысушылардың ынтымағы көпшілікті тәнті етті. Қатысушылардың әрқайсысы тек спорт алаңында ғана емес, күнделікті қызметте де өз ісінің үздігі екенін дәлелдей білді.

Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталып, іс-шара соңы мерекелік концертпен қорытындыланды.

Мұндай шаралар жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, сала қызметкерлерінің рухын көтеруге, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Алғаш рет өткен бұл спартакиада алдағы уақытта дәстүрлі сипат алып, жыл сайын жалғасын табады деген сенім бар.