Тараз көшелеріне тағы 24 жаңа автобус шықты

0 5

Облыс орталығы Тараз қаласында жолаушылар тасымалы саласы біртіндеп жаңарып келеді. Күн санап артқан қала тұрғындарының көлікке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында, жақында тағы да 24 жаңа автобус жолға шықты.

Сыйымдылығы 90 орынды бұл заманауи автобустар қаладағы екі бағытқа бөлінді. Оның ішінде 14 автобус №50 бағытта қатынамақ. Аталған маршрут Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылынан басталып, қала ішіндегі негізгі көшелер мен базарларды қамтиды. Автобустар «Ауыл-Береке» базары, Төле би, Жамбыл даңғылы, Сүлейменов, Тұрысов, Шостакович және Бауыржан Момышұлы көшелері арқылы жүріп өтеді. Жаңа автобустардың қатынау жиілігі – әр 13 минут сайын.

Ал қалған 10 автобус №3 бағытқа қойылды. Бұл маршрут қала шетіндегі Шайқорық және Танты алқаптарынан бастау алып, «Ұлы Дала», «Арай», «Арай-2», «Бәйтерек» шағынаудандары мен облыстық және қалалық балалар ауруханасына дейін барады. Бұл бағыттағы қозғалыс интервалдары – 12 минут.

Қазіргі таңда Тараз қаласында жолаушылар тасымалымен 8 тасымалдаушы мекеме айналысып отыр. Қала ішінде қызмет көрсететін маршруттар саны 45-ке жетті. Ал қоғамдық көлік паркі 492 автобусқа толықты.

Айта кетейік, өткен 2024 жылы 155 жаңа автобус жеткізілген болатын. Соның нәтижесінде қалада үш жаңа бағыт – №13, №18 және №41 маршруттары ашылды. Сонымен қатар 10 бағыт толық жаңартылып, тағы 4 маршрутта автобустар ішінара ауыстырылды. 2023–2025 жылдар аралығында қалада барлығы 13 жаңа бағыт іске қосылған. Биылдың өзінде жаңадан төрт бағыт – №37, №62, №31 және №50 маршруттары ашылып отыр. Жаңа маршруттар арқылы Байзақ және Жамбыл аудандарынан қалаға қосылған елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай жасалуда.

Жыл басынан бері қалаға 47 жаңа автобус жеткізілсе, бүгін келген 24 автобуспен бұл көрсеткіш 71 бірлікке жетті. Бұл – өңірдегі қоғамдық көлікті жаңарту ісі кезең-кезеңімен жүйелі түрде атқарылып жатқанын көрсетеді.

Тараз қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, қоғамдық көлік саласын жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл өз кезегінде жолаушылар тасымалы сапасын арттырып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған нақты қадам болмақ.