Ақ желеңді абзал жандар спортта да шымыр

0 4

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен 25 қазан – Республика күні қарсаңында медицина қызметкерлері арасында ерекше форматтағы мерекелік іс-шара өтті. «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастырған облыстық спартакиада тартысты бәсекеге толы болды.

Спартакиада шымылдығы «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауловтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол қатысушыларға сәттілік тілей отырып, кәсіподақ ұйымдарының ұжымдық рухты нығайтудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ медицина саласының ардагері Төленбек Сауырбеков пен «QazMed» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Махашов та ақжарма тілектерін арнап, спорттың ұжым ішіндегі ынтымақ пен сергектікті арттыратынын жеткізді.

Тартысты додаға облыстың әр өңірінен келген жеті команда қатысты. Қатысушылар шағын футбол, волейбол, арқан тартыс, үстел теннисі (ерлер мен әйелдер), армрестлинг (ерлер мен әйелдер) және дартс (бас дәрігерлер арасында) сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті.

Жеңімпаздар тізімінде «Ұлы дала» командасы көш бастады. Бұл құрама Тараз қалалық көпбейінді аурухана, консультативтік-диагностикалық орталық және облыстық СПИД орталығының қызметкерлерінен құралған. Кәсіби міндеттері жауапты мамандар спорт аренасында да ұйымшылдық пен шеберлікті көрсете білді. Жүлделі екінші орын облыстық көпбейінді аурухана мен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының біріккен құрамасына бұйырды. Ал үшінші орынды облыстық онкология және хирургия орталығы, облыстық психикалық денсаулық орталығы және Тараз қалалық №7 емханасының мамандарынан құралған «Бірлік» командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл спартакиада – ақ халатты абзал жандардың тек емдеу ісінде ғана емес, саламатты өмір салтын насихаттау жолында да белсенді екенін көрсеткен жарқын іс-шара болды.