Тараздық оқушы туған қаласына 2 900 түп көшет сыйлады

0 19

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы сәуірде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Тазалық әр адамнан басталуы керек» деген еді. Президент айтқан осы ұстаным бүгінгі жас буынның бойына сіңіп, нақты іске айналып жатқаны қуантады. Соның айқын дәлелі – Тараз қаласындағы №66 «Келешек мектебінің» 7-сынып оқушысы Інжу Дәулеттің ерекше бастамасы.

Қала күні қарсаңында жас табиғат жанашыры өз қолымен өсірген 2 900 түп ағаш көшетін Тараз қаласын көгалдандыруға арнап, қала әкіміне табыстады. Бұл – бір ғана баланың үлкен жүрегімен, туған өлкеге деген сүйіспеншілікпен жасаған шынайы сыйы.

– Жылыжайда жұмыс істеу оңай емес. Бірақ әрбір көшетті күтіп-баптағанда, ертең осы ағаштар Тараздың көшелерін көгалдандырып, сая боларына сеніп, бар күшімді салдым. Табиғатты қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Менің бұл еңбегім – туған қалама деген алғысым, – дейді оқушы.

Інжу алдымен 100 түп ағашты өз мектебінің ауласына отырғызған. Ал қалған көшеттер қала көшелеріне отырғызылмақ. Бұл бастама мектеп ұжымы мен қала тұрғындарының қолдауына ие болып, өзге оқушыларға экологиялық мәдениеттің жарқын үлгісі ретінде бағаланып отыр.

Жас өреннің осы игі ісі елеусіз қалған жоқ. Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Медет Нұрділлаұлы оқушыға қала әкімінің Алғысхатын табыстап, ризашылығын білдірді.

Табиғатты аялау – болашақты ойлау. Інжудің бұл бастамасы тек жасыл желекке ғана емес, жүректерге де үміт пен сенім ұялатып отыр.