Суда да, далада да – сақтық басты назарда
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде шомылу маусымы мен орман-дала өрттерінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды.
Департаменттің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смайловтың айтуынша, өңірде шомылуға жарамды және халыққа қолжетімді 117-ден аса су айдыны бар. Алайда облыстық мәслихаттың шешімімен 189 орында шомылуға тыйым салынған. Қазіргі таңда әкім қаулысымен 13 ресми рұқсат етілген орын белгіленген, олардың тоғызы коммуналдық, төртеуі жеке жағажай ретінде жұмыс істейді. Бұл учаскелерде 8 бақылау бекеті қойылған.
– Жыл басынан бері суға батып бара жатқан он адам (оның төртеуі бала) құтқарылды. Былтырғы төрт қайғылы жағдаймен салыстырғанда биыл адам өлімі тіркелмеген. Бұл – алдын алу шараларының нәтижесі. Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 41 баннер, 383 ескерту белгісі және 29 көрнекі стенд орнатылды. Жергілікті атқарушы органдар, полиция және волонтерлермен бірлесіп 2 224 рейд жүргізіліп, 983 ерікті тартылды. 12 500 үгіт материалдары таратылып, 69 әлеуметтік бейнеролик дайындалып, 72 рет радио, 65 рет теледидар арқылы көрсетілді. Газет-журнал беттерінде 96 мақала жарияланып, 60 кездесу ұйымдастырылып, оған 600 адам қатысты. Әлеуметтік желілерде 192 ақпарат жарияланды. Білім беру мекемелерінде 60 интерактивті сабақ өткізіліп, 14 500 оқушы қамтылды, – деді басқарма бастығы.
Оның айтуынша, шомылу маусымында 88 құқықбұзушылық анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы бойынша 1 180 адам, 440-бап бойынша 1 595 адам, 412-бап бойынша 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 19 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты.
Жазғы маусым орман-дала өрттерінің жиілейтін кезеңімен де ерекшеленеді. Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің айтуынша, жыл басынан бері облыста 659 өрт тіркеліп, 3 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алған. Материалдық шығын – 72,2 миллион теңге. Өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға азайған. Ірі өрттер тіркелмеген. 524 әкімшілік жаза қолданылып, 3,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндіріліпті. Улы газбен уланудың 7 оқиғасы тіркеліп, бір адам көз жұмған.
– 417 мыңнан астам аула араланып, 2 225 жиын өткізіліп, 596 мың тұрғынға нұсқау берілді. 441 мыңнан аса жадынама таратылды. Облыстағы 15 орман шаруашылығында 8 өрт-техникалық жаттығу және Қырғыз Республикасымен бірлескен «Шекара – 2024» тактикалық жаттығуы өткізілді. Автожолдар мен теміржол бойындағы орман екпелерінде өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізілді. 16 мобильді топ 904 рейд ұйымдастырып, 447 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, – дедіДархан Қалдырбек.
2025-2026 жылғы жылыту маусымы 15 қазаннан басталады. Маусым қарсаңында өрт қауіпсіздігі айлығы аясында 3 222 үй араланып, 6 632 тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. 881 үйде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары анықталған. Облыс бойынша өрт қауіпсіздігі құрылғыларын орнату жалғасуда. Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға 84 датчик орнатылған. Таразда 467 үйге, Шу ауданында 278, Жуалыда 148, Меркіде 100, Мойынқұмда 62 үйге датчик қойылған. Дегенмен, Тараз, Жуалы және Жамбыл аудандарында қажетті датчиктерді сатып алу жұмыстары жүргізілмеген.
Облысымызда қауіпсіздік шаралары кешенді түрде жүргізілуде. Су айдындарындағы тәртіп, орман-дала өрттерінің алдын алу және жылыту маусымына дайындық – барлығы тұрғындардың амандығы үшін. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.