Көк тудың желбірегені…

0 48

Сөзін Алмас Ахметбекұлы, әнін Ермұрат Зейіпхан жазған «Көк тудың желбірегені» әні кімнің болса да Отанға деген патриоттық сезімін оятып, көңілін көкке көтереді. Мемлекет башысының алыс-жақын шетелге сапарларында, әлемдік спорт додаларында топ жарған қазақстандық спортшылардың құрметіне Мемлекеттік ту көтеріліп, гимн орындалады. Күні кеше ғана Англияда бокстан өткен әлем чемпионатында еліміздің көк Туы жеті рет желбірегенде шаттанып, қуанбаған бірде-бір жан қалмады-ау.

Осы көк Тудың авторы Шәкен Ниязбеков киелі Әулиеата өңірінде 1938 жылы 12 қарашада дүние есігін ашқан. Ол – Төлеби бабаның ұрпағы. Анасы даңқты қолбасшы, батыр Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының жақын туысы. Өзінің тегінен де, нағашы жұртынан да қазақтың төре биі мен атағы жер жарған батыры шыққандықтан  Шәкен де осал болмауы тиіс еді. Он жасында әкесі мен анасы қайтыс болып, тұл жетім қалған  жас баланы тәуелсіз қазақ елінің Мемлекеттік Туының авторы болатынын ол заманда кім болжаған.

Мектеп бітірген соң, Шәкен Ниязбеков Ленинград қаласындағы В.И.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік учлищесіне түседі. Қазақтың талантты жас жігіті студенттік жылдарында «Эрмитаж», «Исаак» сборы мен «Петродворецті» жаңғырту жұмыстарына қатысады. Мемлекеттік тудың авторы  туралы журналистиканың әр түрлі жанрында жазылған дүниелерге көз жүгіртсең, ол өзінің бірінші әрі басты ұстазы Әбілхан Қастеев екенін әр кез еске алатынын көресің. Мұны ата-бабадан жалғасып келе жатқан тектілік қасиет әрі шәкірттің ұсаз алдындағы парызы деп қабылдайсың.

Шәкен Оңласынұлы өзінің саналы ғұмырының отыз жылында түрлі конкурстарға  қатысып, талай рет топ жарған. Ол теледидар «пультін» ойлап табуымен де тарихта қалды. 1960 жылдары Ленинград сурет академиясында оқып жүргенде осы өнер табысымен кезінде «Ревалюция бесігі» аталған қаланың ғана емес, бүкіл кеңес одағының небір мықтыларының таңдайын қақтырды. 1961 жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехославакияда алтын медаль алса, 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз» атты плакаттар конкурсында бірінші орын иеленді, сол жылы Чехославакиядағы өнертапқыштардың халықаралық  байқауында тағы да топ жарып, бас жүлде алды. Кейіннен оның аса құнды жәдігері Ленинградтағы көрмеге қойылған жерінен ұрылар «үптеп» кетеді. Қылмыстық іске Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері араласып, ұрлық ашылды. Ұры Жапонияның жансызы болып шықты. Осы қылмыс үшін Жапония Шәкен Ниязбековке 20 мың сом өтемақы төледі.

Алматыдағы жолы түскен кімде-кім мүмкіндігі болып жатса, Республика алаңына барады. Тәуелсіздіктің тал бесігіндей тербелген алаңның архитектуралық ерекшелігі, безендіруі кімді болса да өзіне ынтықтырып, тартып тұрады. Осы бір ерекше орынды безендіруде Шәкен Оңласынұлы конкурста бірінші орын алғаны да бүгінде тарихқа айналған.

«Құрманғазы», «Көбік шақан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уалиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» атты жұмыстары суретшінің жеке көрмелеріндегі катологтардан орын алған. Оның қолынан шыққан дүниелер қатарында Бауыржан Момышұлының зиратының басына қойылған құлпытас пен Алматы қаласының елтаңбасы да бар.

Шәкен Ниязбеков 1992 жылы Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Монғолия мемлекеттерінен 1200 суретші қатысқан конкурста да олжа салғанын атап өткеніміз жөн шығар. Шығармашылық жұмыстарын  тағы да біршама  тарқатар  болсақ, 1979 жылы А.Симонов пен В.Кузминмен бірге Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кинотеатрдың  дизайнін, 1985 жылы «Волоколом бағытында генарал-майор И.Панфилов пен қолбасшы Б.Момышұлы ескерткішін, «Жамбыл», «Ана болу бақыт», «Шоқан Уәлиханов» көркем кенептер, тағы басқа  жұмыстары бар.

Осы дүниені дайындау барысында Шәкен Ниязбековтің еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 25 қарашадағы нөмірінде газет тілшісі Айнаш Есалиға берген сұқбатына көзіміз түсті. Онда Шәкең тілшінің «Шәкен Оңласынұлы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы қалай өмірге келді? деген сұрағына:

– Тәуелсіз еліміздің туын жасауға қылқалам шеберлері, яғни суретші-дизайнерлер арасында байқау жарияланғаны жөнінде Жоғары Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Ұтамын деген ой болған жоқ. Конкурсқа қатысуға бел будым. Шын пейіліммен, ниетіммен дүниежүзіндегі барлық тулардың фотоларын жинап алып, зерттеуге кірістім. Сөйтіп, қазіргі туды жасауға отырдым… Ту демекші, мынандай қызық оқиға болды. Телефон шылдыр ете қалғаннан кейін көтеріп едім, біреу өзін Қарағандыдан хабарласып тұрмын деп таныстырды. «Сіздің туыңыздың көлемі дұрыс емес дейді. «Неге?» дедім. «БҰҰ бекіткен стандарттан ауытқығансыз. «Үшбұрышты, төртбұрышты үш те екі ту бар екенін білесіз бе?» деп едім, үнсіз қалды, – деп жауап беріпті.

Қай кезде де таланттың жолына тосқауыл қоюшылар кездескен, әлі де бар. Кім білсін, Ниязбековтің  жобасы мақұлданып кете ме деген қызғаныш  шығар…

Осы сұқбатында Шәкен Ниязбеков Мемлекеттік Туды таңдауға арналған конкурс екі айға созылғанына, мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелерінің пікрлеріне тоқталып өткен.  «Талқылауда «Тудың түсі көк. Себебі, біз тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі», дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал, қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың Туымызда бейнелуі заңдылық.

Осы арада басынан бастап Ту түсінің көп түрлілігінен қашқанымды айта кеткенім жөн. Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ.Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сиынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым», дейді.

Төле би бабасынан қонған шешендік өнер, батыр Баукең нағашысынан дарыған батылдық қасиет ел рәмізінің бірі – Туды таңдауға арналған конкурстағы мүйізі қарағайдай жюри мүшелерінің мысын басып, әділдіктен аттап кетуге қаймыққаннан шығар, Шәкеңнің жобасы мақұлданды. 600-ге жуық автордың жобасы ұсынылған конкурста мерейі үстем болды.

Қазақстан Республикасы Мемелекттік Туының авторы, монументші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері  Шәкен Ниязбеков 1914 жылдың 16 тамызында өмірден өтті. Желбіреген қазақ Туымен бірге Шәкен Оңласынұлының да рухы шат бола береді!