Ауыл тіршілігінің берік негізі

0 20

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деген сөзі бүгінгі қоғамда ерекше мәнге ие. Бұл тұжырым – тек құқық қорғау саласына ғана емес, бүкіл ел азаматтарына бағытталған үндеу. Себебі қоғамдық тәртіп пен мәдениеттілік – елдің ішкі тұрақтылығы мен рухани деңгейінің көрсеткіші.

Біздің Ауқатты ауылдық округінде де бұл мәселе әрдайым назарда. Халықпен тұрақты кездесулер барысында тұрғындарды бірлікке, татулыққа, өзара құрмет пен сыпайылыққа шақырып келеміз. Әрбір азаматтың бойында заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімі қалыптасуы тиіс. Президентіміз атап өткендей, кейбір азаматтардың, тіпті нәзік жандылардың да қоғамдық тәртіпті өрескел бұзуы – ел абыройына көлеңке түсіретін келеңсіз жағдай. Мұндай әрекеттерге бей-жай қарау – болашаққа немқұрайлық таныту деген сөз.

Абай атамыздың «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі – бүгінгі күннің де басты ұстанымы болуы керек. Бұл – тек даналық емес, ұлттық тәрбие мен қоғамдық мәдениеттің іргетасы. Мәдениет пен әдеп – ұлттың айнасы. Ол әр отбасынан, әр адамның ішкі дүниесінен басталады. Ауыл – елдің алтын бесігі. Сондықтан ауыл тұрғындары осы құндылықтарды жете түсініп, өзінен бастап тәртіпке, заңға, қоғамға деген құрметті күшейтуі қажет.

Бүгінгі таңда жастар тәрбиесі, қоғамдық орындардағы тәртіп, отбасылық құндылықтар – барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Ауыл әкімдігі тарапынан осы бағытта түсіндіру жұмыстары, кездесулер, мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мақсат – ауылдас азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, ортақ жауапкершілік пен қоғамдық келісімді нығайту.

Заң мен тәртіп – тек жазалау құралы емес, ол – әділет пен парасаттылықтың кепілі. Әрбір ауыл тұрғыны осыны терең түсініп, елдің тыныштығы мен болашағы үшін өз үлесін қосуы тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – мәдениетті қоғам қалыптастыру. Ал бұл жолда әрбір азаматтың саналы әрекеті мен ішкі тәртібі шешуші рөл атқарады.