Ірімшік: қай кезде жеп, қай кезде бас тартқан жөн?
Ірімшікті пайдалы астың «патшасы» деп атауы тегін емес. Ол кальцийге бай, оңай сіңеді, сүйектерді нығайтып, тері мен шаштың сұлулығын сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар артық салмақтан арылуға немесе қалыпты дене салмағын ұстап тұруға да ықпал етеді. Бірақ бұл өнімнің де өзіндік ерекшеліктері мен қарсы көрсетілімдері бар.
Ірімшік қалай дайындалады?
Ірімшік – сүтті ашыту арқылы алынатын ең көне тағамдардың бірі. Әдетте оған сүтқышқылды бактериялар қолданылады, кейде сүт ұйытқыш ферменттер мен кальций хлориді де қосылады. Артық сарысуы сүзілген соң өнім дайын болады. Майлылығына қарай оның құрылымы мен дәмі де өзгереді: бірде жұмсақ, бірде құрғақтау болуы мүмкін.
Құрамы мен құндылығы
Ағзаға қажет ақуыздың, кальцийдің, фосфордың, магнийдің, темірдің және В тобы дәрумендерінің нағыз қоймасы. Ең бастысы – оның құрамындағы кальцийдің 80 пайызға дейінгі бөлігі сіңімді болып келеді, бірақ ол үшін өнімнің майлылығы кемінде 9 пайыз болуы тиіс.
100 грамм ірімшіктегі орташа көрсеткіштер:
0 пайыз майлылық – 71 ккал, 16,5 г ақуыз;
5 пайыз майлылық – 121 ккал, 17,2 г ақуыз, 5 г май;
9 пайыз майлылық – 159 ккал, 16,7 г ақуыз, 9 г май;
18 пайыз майлылық – 232 ккал, 14 г ақуыз, 18 г май.
Негізгі пайдасы
Дәрігерлер ірімшікті тұрақты түрде тұтыну денсаулыққа айтарлықтай оң әсер ететінін айтады:
Атеросклероздың алдын алады – құрамындағы метионин мен холин қан тамырларын қорғайды.
Бауырды қолдайды – майдың дұрыс ыдырауына және өттің бөлінуіне көмектеседі.
Қартаюды баяулатады – антиоксиданттық әсер береді.
Бұлшық ет пен сүйекке «құрылыс материалы» – ақуыздары кальций және фосформен байланысып, ағзаға жақсы сіңеді.
Артық сұйықтықты шығарады – қан қысымы жоғары немесе жүрек, бүйрек аурулары бар адамдарға ерекше пайдалы.
Ішек жұмысын жақсартады – микрофлораны қолдап, ас қорытуды жеңілдетеді.
Ірімшік қай кезде зиян болуы мүмкін?
Ірімшік пайдалы болғанымен, шамадан тыс қолдану зиянын тигізуі мүмкін. Артық ақуыз бүйрекке салмақ түсіреді. Семіздікке бейім немесе қант диабеті бар адамдарға да абай болу керек – әсіресе кешкі уақытта жемеген дұрыс. Өйткені бұл кезде инсулин деңгейі жоғарылап, майдың ыдырауын тежейді.
Ірімшіктен бас тарту немесе шектеу қажет жағдайлар:
- лактозаға төзбеушілік немесе аллергия;
- бүйрек аурулары;
- асқазан-ішек жолы аурулары (жара, гастрит, панкреатит);
- инсулинге төзімсіздік, қант диабеті;
- артық салмақ және майлылығы жоғары түрлерін кешкісін пайдалану.
Қанша мөлшерде жеуге болады?
Мамандардың айтуынша, ересектер үшін ең қолайлы мөлшер – аптасына 2-3 рет 150-200 грамм. Ал балаларға жас ерекшелігіне қарай аздап беріледі.
Қорытынды
Ірімшік – денсаулыққа пайдалы әрі қолжетімді өнім. Ол сүйекті, бұлшық етті, жүйке жүйесін нығайтады, ұзақ уақыт бойы тоқтық сезімін береді. Бірақ оны дұрыс мөлшерде және өз ағзаңыздың ерекшелігін ескере отырып тұтынған жөн.