Газдалған сусындар шаш түсу қаупін арттырады

0 19

Тәтті газдалған сусындар мен алкогольді тұрақты тұтыну шаш түсу қаупін арттырады, ал темір мен D дәруменіне бай тағамдар тазданудан қорғайды. Бұл туралы «Nutrition and Health» (NutritHealth) журналында жарияланған зерттеуде көрсетілген.

Ғалымдар осындай қорытындыға бұрын жарияланған 17 ғылыми жұмысты мета-талдау арқылы келген. Бұл зерттеулерде АҚШ, Еуропа және Азиядан 61 332 адамның денсаулығы мен тамақтану ерекшеліктері бағаланған. Қатысушылардың 97 пайызын әйелдер құраған.

Талдау нәтижесінде рациондағы D дәрумені мен темірдің жоғары деңгейі шаштың түсу ықтималдығының төмендігімен және шаштың тиімді өсуімен байланысты екені анықталды. Ал алкоголь мен тәтті сусындарды тұтыну шаш түсуімен және ерте ағарумен жиі қатар жүретіні байқалған.

Сондай-ақ ғалымдар соя өнімдері мен айқасгүлді көкөністерді (мысалы, брокколи мен қырыққабат) тұтыну шаш түсуін азайтуға ықпал ететінін атап өтті. Кейбір кешенді қоспалардың да оң әсері болғанымен, клиникалық сынақтардың бір бөлігінің сапасы орташа немесе төмен деңгейде болған.

Зерттеу авторлары бұл жерде тікелей себеп-салдарлық байланыс емес, тек ассоциация туралы сөз болып отырғанын айтады. Өйткені жұмыстардың көбі бақылау сипатында жүргізілген және тамақтану мен шаш жағдайын бағалаудың әртүрлі әдістерін қолданған.

Дегенмен мамандардың пікірінше, егер адам шаш түсуіне шағымданса, D дәрумені мен ферритин деңгейін (темір қоры көрсеткіші) тексеріп, анықталған тапшылықты толықтыру, сондай-ақ тәтті сусындар мен алкогольді шектеу орынды. Бұл тәсіл негізгі дерматологиялық терапиямен қатар шаш саулығын қолдаудың қарапайым әрі қолжетімді жолы болуы мүмкін