Жамбылда инвестиция еселеніп, жұмыс орындары көбейді

0 3

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалар – инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа өндірістерді ашу және тұрақты жұмыс орындарын құру бағыттары өңірімізде нақты іске асуда. Индустриялық-инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Соңғы жылдары облыста жалпы құны 289 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде 2023 жылы 13 кәсіпорын ашылып, 577 адам жұмысқа орналастырылды. Ал 2024 жылдың өзінде 35 өндіріс орны іске қосылып, 1453 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл – облысымыз үшін ірі көрсеткіштердің бірі.

Жаңадан ашылған кәсіпорындардың қатарында «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы, «KORCEM» цемент зауыты, «Karatau Chemicals» сынды өндіріс ошақтары бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 175,2 миллиард теңге болатын тағы 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде қосымша 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестиция тарту көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 301,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,1 пайызға өсті. Бұл – облыс экономикасына деген сенімнің артқанының айқын көрінісі.

Тараз қаласындағы индустриалды аймақ инфрақұрылыммен толықтай қамтылып, 2026 жылдан бастап мұнда шағын өнеркәсіптік аймақ жұмысын бастайды. Онда есік шығару, шыны өндіру, тамшылатып суару жүйелері, құрғақ құрылыс қоспалары мен бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар орналасады. Өндірістік аймақтар аудандарда да қалыптасуда. Атап айтқанда, Талас, Сарысу-1, Сарысу-2, Меркі және Құлан субаймақтары құрылып, шағын және орта кәсіпорындарды орналастыру үшін жағдай жасалуда.

Жаңаша қарқын алған «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы бүгінде Орталық Азиядағы бірегей өндірістік платформаға айналып келеді. АЭА аумағы 805 гектарға дейін кеңейтіліп, қосымша 400 гектарлық субаймағы құрылды. Мұнда жел генераторларын шығаратын зауыттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Сондай-ақ өндірістік кремний өндіретін зауыт, жүгеріні терең өңдейтін өңірдегі ірі кәсіпорын, жылына 3 миллион тонна темір бұйымдарын шығаратын металлургиялық кешен, сутегі асқын тотығы мен желатин зауыты, мототехника және натрий цианиді өндірісі сынды ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қараша айында «Еврохим Қаратау» ЖШС қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылын өндіретін зауыттың алғашқы кезеңін іске қоспақ.

Облысымызда қолға алынған бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмаларына толықтай сай келеді. Өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын жақсарту – негізгі басымдық. Бұл орайда, 2025 жылдың қорытындысында облыстың өнеркәсіптік әлеуеті айтарлықтай артып, Жамбыл елі экономиканың жаңа кезеңіне қадам баспақ.