Табиғаты тамаша, тарихы терең, туристік әлеуеті зор

0 9

Алатаудың етегіндегі Меркі өңірі – табиғаты тамаша, тарихы терең, туристік әлеуеті зор қасиетті мекен. Жыл өткен сайын бұл өлкеге деген қызығушылық артып келеді. Соңғы уақытта өңір экологиялық маңызы жоғары, ерекше қорғалатын табиғи аймақ ретінде мемлекеттік деңгейде назарға алынып, нақты шаралар қолға алынды. Нәтижесінде, жалпы аумағы 86 632 гектарды құрайтын «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды. Бұл – Меркі табиғатына деген құрмет пен жауапкершіліктің айғағы.

Парктің басты мақсаты – өңірдің биологиялық әртүрлілігін сақтау, экотуризмді дамыту және жергілікті халықтың табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі таңда парк аумағында «Қызыл кітапқа» енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, Түркістан сілеусіні, қызыл қасқыр сынды сирек жануарлар мекен етеді. Соңғы есеп бойынша, 8 қар барысы, 120 арқар, 22 сілеусін және 20 үнді жайрасы тіркелген. Бұл – өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтап тұрған ерекше байлықтың нақты көрінісі.

Бүгінде парк аумағында табиғатты қорғау жұмыстары жүйеленіп, туристік бағыттар жасақталып жатыр. Мұнда жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау, танымдық соқпақтармен табиғатты тамашалау секілді экотуризм түрлері кезең-кезеңімен енгізіледі. Туристерге арналған демалыс аймақтары, ақпараттық тақталар мен жол көрсеткіштері де орналастырылады. Бұл бастамалар табиғатқа зиян келтірмей, керісінше оның маңызын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқандықтан, оның жүгі де, жауапкершілігі де үлкен.

Меркі табиғаты тек қана байлығымен емес, сырлы аңыздарымен де ерекшеленеді. «Көккөл» (Әулиекөл) туралы ел ішінде тараған әңгімелер мен болжамдар осы күнге дейін жұртшылықты елеңдетіп келеді. Көл маңында беймәлім мақұлықтың мекендейтіні туралы да айтылып жүр. Тіпті құс та, аң да, мал да бұл көлге жақындаса, ғайып болады деген сенім бар. Ғылыми тұрғыда зерттелмесе де, жергілікті тұрғындар үшін бұл мекен – киелі әрі тылсым табиғаттың белгісі. Сонымен қатар Тамырлыкөл, Сарыкөл, Бұзылғанкөл, Астаукөл секілді тағы бірнеше көл де осы өңірде орналасқан. Олар да ерекше гидрологиялық жүйеге ие. Суы тартылмайтын, деңгейі өзгермейтін бұл көлдердің әрқайсысына қатысты аңыз-әңгіме жетерлік.

Экологиялық байлығымен қатар, Меркі аумағы экстремалды және спорттық туризмді дамытуға да өте қолайлы. Бұған дәлел – бірнеше жыл бұрын өткен республикалық альпинистер фестивалі. Сол жолы қатысушылар биіктігі 3 мың метрден асатын төрт шыңды бағындырып, жаңа атаулар берген болатын. Бүгінде бұл шыңдар туристік бағытқа айналып үлгерді. Мұндай бастамалар әлі де жалғасады деген жоспар бар. Өйткені, Меркі тауларында биіктігі 4 мың метрден асатын бірнеше шың бар. Бұл – болашақ туристік жобаларға үлкен мүмкіндік.

Меркі тек табиғатпен ғана емес, тарихпен де тамырлас. «Бүркітсай», «Бүркітұя», «Ледник» секілді шатқалдар мен қыраттар ел аузындағы аңыздармен астасып жатыр. Мәселен, «Бүркітұя» деп аталатын жартас, жергілікті халықтың айтуынша, бүркіт ұя салып, қонатын киелі мекен. Мұндай жерлер – экотуризмнің ғана емес, рухани туризмнің де негізіне айналуы тиіс.

Мемлекеттік табиғи парктің құрылуы – тек заңмен бекітілген мәртебе емес. Бұл – болашаққа бағытталған байсалды шешім. Табиғатты сақтау арқылы келешек ұрпаққа құндылық қалдырамыз. Енді осы игілікті іске тек билік емес, бүкіл жұрт жұмыла кірісуі қажет. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың парызы. Меркі табиғаты – тек бір ауданның ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Сондықтан да осы байлықты көздің қарашығындай сақтап, келешекке аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет.