Қайтарылған қаражат есебінен 700 жоба қаржыландырылды
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде партияның «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысы қаралды.
Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дулат Оспанов баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда республикалық бюджеттен қаржы бөлінбесе де, биыл қайтарылған қаражат есебінен ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берілуде. Нақтырақ айтқанда, 5,5 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 700-ге жуық жоба қаржыландырылған.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап жобаға бірқатар өзгеріс енгізілген. Маңызды өзгеріс – бөлінген қаржының тек 40 пайызы мал шаруашылығына бағытталмақ. Оның өзі кооперативтер арқылы ғана жүзеге асырылады . Бұл шешім – бұрынғыдай мал сатып алудан кейін туындап отырған жайылым тапшылығының алдын алу мақсатында қабылданған .
Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамыту үшін төрт түлікті тауарлы несие арқылы беру тетігі енгізілуде. Бұл – ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа мүмкіндігі болып табылады. Жоба ауыл кәсіпкерлігін жандандыруға тың серпін береді.
Жиын барысында кеңес мүшелері тарапынан жобаның тиімді іске асуын бақылау, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржы қарастыру мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Партия тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту – басты назарда.