Тараз көшелеріне жаңа автобустар шықты

0 2

Облыс орталығының қоғамдық көлік саласы тағы бір серпінді жаңалықпен толықты. Шаһардың орталық алаңында қала тұрғындарына қызмет көрсететін 12 жаңа автобус жүргізушілерге салтанатты түрде табысталды. Заманауи үлгіде жасалған автобустардың жолаушыларға ыңғайлы екендігін қала тұрғындары бұрыннан пайдаланып жүрген көліктер арқылы сезініп үлгерді. Олардың төмен табалдырығы, жайлы орындықтары, жолдағы тұрақтылығы, желдеткіш және кондиционер секілді қосымша мүмкіндіктері – жолаушылар тарапынан оң бағасын алған.

Көлік кілттерін жүргізушілерге Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков салтанатты түрде табыс етті.

– 2023 жылы қаланың қоғамдық көлік құрылымын жаңарту бағытында ауқымды бағдарлама қабылданған болатын. Онда үш жыл ішінде, яғни 2023–2025 жылдар аралығында барлығы 210 автобус сатып алу көзделген. Бұл арқылы автопарктерді 70 пайызға дейін жаңарту жоспарланған еді. Қуанышқа орай, бұл межені біз өткен жылдың өзінде орындадық, – деген шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап айтты. Жыл басынан бері 47 жаңа автобус сатып алынған. Олар №27 және №32 бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жақсартуға жұмылдырылмақ.

– №27 бағытта бүгінде ПАЗ маркалы автобустар қызмет көрсетіп келеді. Алайда олар заманауи талаптарға сай емес. Жолаушылар үшін ыңғайсыз әрі техникалық жағынан ескірген. Ал №32 бағыттағы көліктердің жағдайы одан да күрделі болатын. Сондықтан жаңа автобустар дәл осы бағыттарда қызмет көрсете бастайды. Мәселен, №27 бағытта қазіргі таңда 13 автобус жұмыс істейді. Енді олардың саны 16-ға дейін артады. Бұл өз кезегінде қозғалыс аралығын 15 минуттан 12 минутқа дейін қысқартады, – деген қала әкімі қала тұрғындарына көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында жүргізушілердің де кәсіби тәртіп пен жол қауіпсіздігіне жауапкершілігін күшейтуді міндеттеді.

Айта кету керек, жаңа автобустар автопарктер тарапынан арнайы несие желісі арқылы лизингке алынған. Бұл – мемлекет тарапынан тасымалдаушыларға көрсетілген нақты қолдау. Оған қоса, қалалық бюджет есебінен де қолдау жалғасуда. Мысалы, 2024 жылы жолаушылар тасымалын субсидиялауға 5,3 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл сома 7,1 миллиард теңгеге жетті. Бір жолаушыны тасымалдаудың нақты құны 200 теңге болса, тұрғындар тек 100 теңге төлейді. Қалған айырмашылық бюджет есебінен өтелуде.

Жыл соңына дейін тағы 80 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бұл көліктер жаңадан қала құрамына қосылған 14 елді мекен аумағында жаңа бес бағыт ашуға бағытталады.

Тараз қаласында қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғаса бермек.