Стратегиялық міндет – Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру

0 10

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және шешуші бағыттар бойынша цифрлық даму, өнеркәсіп, энергетика, ауылшаруашылығы, көлік, су ресурстары, еңбек, оқу-ағарту, ғылым, спорт, денсаулық сақтау министрлерінің баяндамалары тыңдалды.

Премьер-Министр Жолдау алдағы инновациялық және инфрақұрылымдық өзгерістерге бастау бергенін атап өтті. «Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің одан әрі жедел инновациялық дамуына зор серпін береді. Қазақстанның болашағы – технологиялық өрлеумен байланысты, сондықтан Президент үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды», — деді Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысы Жолдауда баса назар аударған тұстың бірі – экономиканы дамыту, оның ішінде елге инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыру. «Қойылған міндеттерді шешу үшін, ең алдымен, елімізге тартылатын инвестициялар ағынын арттыру керек. Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін атап өтті. Сондықтан біз өте қысқа мерзімде инвесторлармен бірыңғай өзара іс-қимыл тетігін құрып, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңартуымыз керек. Инвестициялар аясында тартылған әрбір теңге нормативтік актілермен және оңтайлы тәжірибемен бекітілген мықты кепілдіктермен қорғалуға тиіс. Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестиция тарту үшін арнайы іс-шаралар, оның ішінде преференциялар көзделетін болады», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға ерекше назар аударылып отыр. Олжас Бектенов терең өңделген, жоғары технологиялық өнімдер өндірісін қолдау үшін жаңа тәсілдер мен ынталандыру шараларын қарастырған жөн екенін атап өтті. Ұлттық экономика министрлігіне екі апта мерзімде салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосылған құны жоғары өнім өндіру жөніндегі жобаларға инвестиция тарту шараларын әзірлеу тапсырылды. Қажет болса, преференциялардың жаңа түрлерін қарастыру қажет.

Премьер-Министр технологиялар мен құзыреттер бере алатын және жаңа нарықтарға жол ашатын ірі компаниялардан ғана емес,  бәсекелес орта қалыптастырып, өңірлерде жұмыс орындарын қамтамасыз ете алатын орта және шағын бизнестен де инвестиция тарту қажеттігіне назар аудартты. Соған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындауға дереу кірісуге тапсырма берді.

Үкіметтің басым міндеттері қатарында мемлекеттік секторды реформалау да бар. Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттің экономикадағы үлесінің нақты шегін заңнамалық тұрғыдан бекітуді, ал бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаражатты уақтылы игеру және әрбір теңгені барынша тиімді пайдалануға күш салуды қоса алғанда қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ министрлікке Интеллект арқылы реттеу орталығының құрылуын ескере отырып, Міндетті талаптар тізілімін толыққанды енгізу тапсырылды. Премьер-министр шағын және орта бизнесті қолдауда Міндетті талаптар тізілімінің маңыздылығы және нормативтік актілерге ревизия жүргізіп, олардың Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігін анықтау қажеттігін атап өтті.

Үкімет жұмысының маңызды бағыты – инфляцияны бақылауды ұстау: жыл соңына дейін оны 11 пайыздан аспайтын деңгейде ұстап тұру. Осы мақсатта Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық Банкпен, әкімдіктермен, Ауылшаруашылығы, Сауда, Өнеркәсіп, Энергетика министрліктерімен, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен біріге отырып Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Олжас Бектенов Үкіметтің көлік-логистикалық кешенді дамытудың маңызды элементі саналатын шекарадағы өткізу пункттерін жаңарту жұмыстарын жалғастыра беретінін баса айтты. Шекарадан өту уақытының 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарғаны мұндағы шаралардың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетіп берді. Жыл соңына дейін сегіз өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтау және іргелес логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда. Сонымен қатар кеден бекеттерінің айналасындағы инфрақұрылымды – қоймалар мен сервистік нысандарды дамыту қажет. Қаржы министрлігіне Көлік, Ауылшаруашылығы, Цифрландыру министрліктерімен, Шекара қызметі және әкімдіктермен бірге осы инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Алатау қаласын дамыту және оған арнайы мәртебе беру жұмыстары аясында Премьер-Министр қаланың құқықтық режиміне және оны басқаруға қатысты заңнамалық актілерді әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі бір ай мерзімде үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Ақылды қалалар» тұжырымдамасын кеңінен тарату бойынша іс-шараларды әзірлеуі қажет. Өңірлер экономикасының өсуін қамтамасыз ету үшін Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың функциялары мен өкілеттіктерін кеңейтіп, оларды даму институттарына айналдыруды көздейтін заңнамалық түзетулер жобасын жасап шығару тапсырылды.

Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар әзірленетініне база назар аударған Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне оны мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындау туралы тапсырма берді. «Үкімет Жолдауда қойылған міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындауға баса мән беріп отыр. Әрбір тармақ бойынша нақты жауапты тұлға және ең бастысы – түпкі нәтижесі бекітіліп көрсетілуге тиіс. Жалпыұлттық жоспардың әрбір тармағының уақтылы орындалуына мониторинг жүргізу үшін интеллектуалды цифрлық құралдар мен тетіктерді қолдану қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.