Қазақстан толыққанды «Цифрлық елге» айналады

0 81

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның алдағы жылдардағы даму басымдықтарын белгілеп берді. Бұл құжат – еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын көрсететін маңызды саяси бағдарлама. Жолдаудағы бастамалар ел экономикасының тұрақты өсуіне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және әділетті қоғам құруға бағытталған.

Президент цифрландыру саясатын ерекше атап өтті. Алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды «Цифрлық елге» айналдыру міндеті қойылды. Бұл мақсатта жаңа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, смарт-карго жүйесін енгізу, цифрлық активтердің экожүйесін қалыптастыру тапсырылды. Мұндай шешімдер мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, экономиканың барлық саласын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Ауылшаруашылығына қатысты да нақты тапсырмалар берілді. Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту, жаңа экспорттық нарықтарға шығу мәселелерін көтерді. Әсіресе әкімдерге 2026 жылдың ортасына дейін ауылшаруашылығына жарамды бос жерлерді толық айналымға енгізу міндеті жүктелді. Бұл қадам ауыл халқының тұрмысын жақсартып, елді мекендердің дамуына серпін береді.

Энергетика саласында да батыл шешімдер айтылды. Мемлекет басшысы еліміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін екінші және үшінші атом электр стансаларын салуды жоспарлау қажеттігін жеткізді. Бұл бастама – энергетикалық қауіпсіздіктің кепілі әрі ел экономикасына үлкен серпін беретін жоба.

Сонымен бірге, Президент инвестиция тартуды күшейту, банктердің нақты секторды қаржыландыруын арттыру, арнайы «Банк туралы» заң қабылдау қажеттілігін атап өтті. Бұл шаралар кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Әділетті қоғам құру мәселесінде де нақты қадамдар жасалып жатыр. Президент заңсыз шығарылған 850 миллиард теңгеден астам активтің елге қайтарылғанын айтты. Бұл – қоғам сенімін нығайтатын, мемлекет пен халық арасындағы әділеттілікті қамтамасыз ететін маңызды қадам.

Жалпы, Жолдау – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты тапсырмалар мен шешімдер жиынтығы. Мұнда әлеуметтік әділеттіліктен бастап, экономикалық өрлеуге дейінгі барлық бағыт қамтылған. Әрбір азамат осы бастамалардың орындалуына қолдау көрсетіп, ел дамуына үлес қосуы тиіс.

Жаңа Жолдау – Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайтып, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын құжат. Оның жүзеге асуы елімізді өркендетіп, әрбір қазақстандықтың өміріне оң өзгерістер әкелетініне кәміл сенеміз.