Жаңа оқу жылына – сапалы инфрақұрылым
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Тараз қаласындағы №13 орта мектеп пен «Шөлдала» алқабында салынып жатқан 600 орынды «Жайлы мектеп» құрылысының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта №13 мектеп ғимаратын «Еңбек» ЖШС жөндеуден өткізіп жатыр. Мұнда есік-терезе орнату, ішкі қабырғаларды әрлеу, жарық жүйесін жаңарту секілді жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу көрсеткіші – 65 пайыз. Мердігер компания нысанды қараша айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Ал, «Шөлдала» алқабындағы 600 орынды жаңа «Жайлы мектептің» құрылысы 2023 жылдың маусым айында басталған. Жалпы аумағы – 3 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 24 700 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда нысанның сыртқы қаптау жұмыстары атқарылуда.
«Аталған білім нысандарының құрылысы толығымен аяқталғанға дейін партиялық бақылауда болады», дейді аманаттықтар.