Жүздеген лауазымды тұлға жауапқа тартылды

0 9

Облыс аумағындағы автожолдардың жай-күйі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдары тарапынан кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс полицейлері 2000-нан аса жол нысанын тексеріп, 9500-ге жуық кемшілік анықтаған.

Ағымдағы жылдың алғашқы жеті айында облыс аумағында 2111 тексеру жұмысы жүргізіліп, 14988 шақырым автожол бақылаудан өтті. Тексеру нәтижесінде бүлінген жол белгілері, өшкен жолақтар, жарықтандырудың болмауы, бұзылған жаяу жүргінші жолақтары және жол инфрақұрылымының басқа да техникалық талаптарға сәйкес келмеуі сияқты 9494 түрлі ақау тіркелген.

Жол ақауларын жою бойынша жауапты мекемелерге 2111 нұсқама берілді. Сонымен қатар, 1084 ресми хат жолданып, олардың орындалуына бақылау белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр.

– Жолдардың күтім сапасы азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сол себепті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Біз әрбір анықталған бұзушылық бойынша шара қолданып, жауапты мекемелер мен лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартып отырмыз, – дейді облыс ПД Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Азамат Бақытұлы.

Жолдардың талапқа сай келмеуі салдарынан 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, берілген нұсқамаларды уақтылы орындамағаны үшін ТКШ бөлімдеріне және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалына қатысты ҚР ӘҚБтК 462-бабының 3-бөлігі негізінде 31 әкімшілік хаттама толтырылған.

Облыс аумағындағы автожолдарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы тек полицияның ғана емес, жергілікті билік пен мердігер ұйымдардың да тікелей жауапкершілігіне жатады. Тиісті мекемелер мен ұйымдарға берілген тапсырмалардың орындалуы алдағы уақытта да құқықтық бақылауда болады. Тұрғындардың өмір қауіпсіздігін басты орынға қойған құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы бақылауды күшейтпек.