Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қарқыны артты

0 11

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бағдат Рүстемовтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті.

Спикер 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс аумағында жүргізілген жер заңнамасының сақталуы бойынша бақылау нәтижелерін баяндады. Аталған мерзім ішінде жалпы көлемі 32,6 мың гектарды қамтыған 140 бақылау шарасы ұйымдастырылып, нәтижесінде 27,4 мың гектар жер учаскесінде 185 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 38 дерек бойынша жалпы сомасы 6,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, толығымен мемлекетке өндіріліпті. Бұдан бөлек, 56 дерек бойынша ескерту беріліп, қалған заңбұзушылықтар бойынша нұсқамалар белгіленген мерзімде орындалуы үшін жолданған. Сонымен қатар, қосымша экономикалық шаралар шеңберінде 8,3 миллион теңге көлемінде төлемдер есептелген. Бұл төлемдердің ішінде пайдаланылмаған жерлерге салынған салықтар, сот шешімімен өндірілген қаражат және жерді бүлдіру салдарынан келтірілген залалдың өтемақысы бар.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл облысымызда жалпы көлемі 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Жарты жыл ішінде мақсатсыз немесе заң бұзушылықпен пайдаланылған 31,6 мың гектар ауылшаруашылығы жері (оның ішінде 8,1 мың гектар егістік, 22,2 мың гектар жайылым) мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда сот шешімімен 5,5 мың гектар жер (8 учаске) мемлекетке мәжбүрлі түрде қайтарылса, тағы 4,6 мың гектар жерге қатысты 2 іс сот қарауында, — деді Бағдат Үсенғалиұлы.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығына арналған 28,1 мың гектар жерге жүргізілген 61 тексерудің нәтижесінде, 51 учаскеде (жалпы көлемі 23,8 мың гектар) заң бұзушылықтар тіркелген. Ал, кәсіпкерлік мақсаттағы (құрылыс үшін) 1 мың гектар жерге жүргізілген тексерулер барысында 14 учаскенің пайдаланылмай жатқаны анықталып, иелеріне бір жыл мерзімге жер заңнамасының талаптарын орындау туралы нұсқама беріліпті.

Брифингте жер қатынастары саласындағы жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жұмысы да назардан тыс қалмады. Бұл орайда 20 тексеру нәтижесінде 70 заң бұзушылық тіркеліп, 9 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде 530 820 теңге айыппұл өндірілген. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында сот органдарына 19 талап-арыз жолданған. Оның ішінде 16-сы кәсіпкерлік мақсаттағы (7,88 гектар), 3-еуі ауылшаруашылығы мақсатындағы (10,1 мың гектар) жер учаскелеріне қатысты. Сонымен қатар, 2024 жылы берілген нұсқамалар негізінде жалпы көлемі 10 мың гектар ауылшаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару бойынша қосымша талап-арыздар дайындалуда екен.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге салаға қатысты өзекті сауалдарын қойып, толық әрі нақты жауаптар алды. Бағдат Үсенғалиұлының сөзінше, жыл соңына дейін жер заңнамасын бұзу фактілерін азайтып, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға қосу жұмыстары қарқынмен жалғасатын болады.