Ақпарат ашықтығы мен мәдениетті цифрландыру – басты басымдық
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева облысымызға жұмыс сапарымен келіп, жергілікті тұрғындармен және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде министр мәдениет пен ақпарат салаларында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндап, қоғамдағы өзекті мәселелерге де тоқталды.
Ақпарат саласы бойынша елімізде қазіргі таңда 4900-ден астам бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейтіні атап өтілді. Министр жаңа қабылданған «Масс-медиа» заңының маңыздылығын түсіндіріп, бұл заң әлеуметтік желілерде жарияланатын жарнама мен блогерлердің қызметін заң аясында реттеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы уақытта жалған ақпарат таратушылар қатары көбейіп, 200 мыңға жуық фейк дерек анықталған. Осыған байланысты халықты тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгінуге шақырды.
Мәдениет саласына келсек, министрлік қызметтерді цифрландыруды басты бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Бүгінде «E-muzeum» порталы арқылы 65 мыңнан астам экспонат пен 275 жәдігер жайлы ақпарат көпшілікке қолжетімді болды. Ал, «Е-архив» жүйесі бойынша 2 миллионнан астам құжат цифрлық форматқа көшірілген. Сонымен қатар, өңірдегі тарихи нысандар – Айша бибі мен Қарахан кесенелерінде көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстар басталып кеткені де атап өтілді.
Кездесуде тұрғындар министрге бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, шағын елді мекендерде мәдениет үйлерін салу, әдеби кітаптарды жарыққа шығару, жергілікті қолөнершілерді қолдау және осы саладағы инфрақұрылымды дамыту сынды мәселелер көтерілді. Аида Балаева айтылған ұсыныстарды жеке бақылауына алып, нақты жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Жұмыс сапары аясында министр азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті БАҚ өкілдерімен де пікір алмасты. Ашық әрі еркін форматта өткен бұл кездесу Жамбыл жұртшылығы үшін маңызды диалог алаңына айналды.