Ұлт руханиятының шамшырағы

0 2

Ұлы ойшыл, қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай облысымызда тағылымды іс-шаралар өтуде. Солардың бірі, Тараз қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Рухани тағзым ақын мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, басқарма басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партия өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары және әдебиет сүйер қауым қатысты.

Іс-шара барысында Абайдың рухани мұрасының ұлт санасын жаңғыртудағы орны, қазіргі қазақ қоғамындағы тәрбиелік маңызы мен өскелең ұрпаққа берер тағылымы жайлы пікірлер айтылды. Сөз алғандар ақынның әділет, адамгершілік, білім мен бірлік туралы ой-толғамдарының бүгінгі күнмен үндесіп жатқанын ерекше атап өтті.

Жалпы Абайдың 180 жылдығына арналған әдеби-мәдени іс-шаралар облысымыздың барлық аудандары мен елді мекендерінде ұйымдастырылуда. Облыс мектептерінде «Абай оқулары», кітапханалар мен мәдениет үйлерінде әдеби кештер, «дөңгелек үстелдер», поэзия сағаттары өткізіліп, ақын мұрасы жан-жақты насихатталуда.

Абай Құнанбайұлы — бір дәуірдің ғана емес, күллі қазақ халқының рухани бағдаршамы. Оның ойлары мен өлеңдері, қара сөздері ұлттың жаңа буынын тәрбиелеуге қызмет етуде. Абай мұрасын ұлықтау — ол арқылы ұлттық сананы, руханиятты, тіл мен ділді жаңғырту деген сөз.

Абай мерейтойына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатын болады.