Тараздың үздік учаскелік полиция инспекторлары анықталды

0 175

Қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының еңбегі ерекше. Олар – тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, құқықбұзушылықтардың алдын алатын, отбасылық жанжалдарды шешуге атсалысатын және тыныштықты күзететін алғашқы тұлғалар. Осы күрделі де жауапты қызметті адал атқарып жүрген үздік қызметкерлерді марапаттап, кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында Тараз қаласында ерекше іс-шара ұйымдастырылды.

Тараз қаласы полиция басқармасында «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атты кәсіби байқау өтті. Бұл іс-шара учаскелік инспекторлардың кәсіби біліктілігін арттыру, саладағы үздік мамандарды анықтап, саламатты бәсекелестік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздеді. Сонымен қатар, байқау қатысушылардың физикалық дайындығы мен теориялық білімін бағалауға, нақты қызметтік жағдайларда шешім қабылдау қабілеттерін тексеруге бағытталды.

Байқауға Тараз қаласы полиция басқармасы мен оның №1 және №2 полиция бөлімдерінде қызмет атқаратын, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген 21 учаскелік инспектор қатысты. Олар құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасылық даулы жағдайларды шешу, халықпен тығыз байланыс орнату және әлеуметтік осал топтармен белсенді жұмыс жүргізу бағытында үздік қызмет көрсетіп жүрген мамандардың арасынан іріктелді.

Сайыс қызметтік қарудан ату (ату дайындығы), кәсіби білім бойынша тестілеу және физикалық дайындық сынды үш кезеңнен тұрды. Байқау нәтижесінде Тараз қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Әжібеков, ювеналдық полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мақсат Көбетай,  №1 ПБ аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Ермек Төкей, ювеналдық полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Рүстем Жарылқапов, №2 ПБ аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Қайрат Имашев және ювеналдық аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Эльмира Байниязова үздік деп танылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады. Бұл өз кезегінде тәртіп сақшыларының біліктілігін арттыруға, қоғам тыныштығын қамтамасыз етудегі еңбектерін бағалауға серпін бермек.