Алты тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды

0 1

Облыста «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқынды жалғасуда. Аталған шара аясында өңірдің барлық ауданында сенбіліктер ұйымдастырылып, табиғатты қорғауға бағытталған нақты істер қолға алынды.

Облыс орталығы Тараз қаласында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына белсенді жастар ерекше атсалысты. Олар облыстық көпбейінді балалар ауруханасының айналасын күл-қоқыстан тазартып, санитарлық жұмыстар жүргізді.

– Бұл іс-шара – жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің нақты көрінісі. Табиғатты қорғау – тек мемлекетке емес, әр азаматқа ортақ іс. Біздің мақсатымыз – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, – дейді іс-шараға қатысқан белсенді жас А. Әлиасқар.

Экологиялық бастамалар тек Тараз қаласымен шектеліп қалған жоқ. Барлық аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Жуалы ауданында Б. Момышұлы ауылындағы Жастар аллеясы, Қордай ауылындағы Жібек жолы көшесінің бойы, Жамбыл ауданының Аса ауылында Аса өзенінің жағалауы, Шу ауданындағы Шу өзенінің бойы қоқыстан тазартылып, абаттандырылды.

Тұрғындар өз ұсыныстарын да белсенді түрде білдіруде. Арнайы іске қосылған телеграмм-бот арқылы жыл басынан бері облыс бойынша 327 өтінім тіркелген. Олардың көпшілігі қоқыс жинау, жолдарды жөндеу және тазалау мәселелеріне қатысты.

Жалпы, акция аясында 106 мыңнан астам адам және 60 ірі кәсіпорын, 400-ден астам шағын кәсіпкерлік субъектілері сенбіліктер мен тазалық шараларына атсалысты. Нәтижесінде 6 100 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды, 803,8 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылды, 641 мың шаршы метрден астам саябақтар мен скверлердің аумағы ретке келтірілді. Жалпы 30 тарихи-мәдени ескерткіш, 79 мыңнан астам аула, 2,7 шақырым көше жолдары қамтылды.

Бастысы – бұл іс-шара бір реттік науқан емес, ел ішінде экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ұзақмерзімді бастамаға айналуда.