Алтын құрсақты аналар ардақталды

0 2

Таразда көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша марапатталған аналарға мемлекеттік наградаларды – «Алтын» және «Күміс» алқаларды салтанатты түрде табыстап, ел демографиясына үлес қосқан аналарға алғысын білдірді.

Алтын құрсақты аналардың ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, олардың қоғамдағы орнын жоғары бағалады.

– Егемендік жылдарында еліміздің демографиялық саясатына ерекше екпін берілді. Соның нәтижесінде, халық саны 20 миллионнан асты. Бұл — көпбалалы аналарымыздың өлшеусіз еңбегінің нәтижесі. Ана мен балаға жағдай жасау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Бүгінгі марапат – аналарға деген шынайы құрметтің бір көрінісі, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Салтанатты жиын барысында бес анаға «Алтын алқа», 30 анаға «Күміс алқа» табысталды. Жүздерінен қуаныш сезілген аналар да өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын жеткізді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 15 жылда Тараз қаласы бойынша 2 808 ана «Алтын алқа», ал 2 964 ана «Күміс алқа» иегері атанған. Бұл – ел болашағы үшін ең қымбат байлық – ұрпақ тәрбиелеуге өмірін арнаған аналарға деген шынайы құрметтің айғағы.

Көпбалалы аналар тек отбасының ғана емес, қоғамның ұйытқысы. Олардың тәрбиелеп отырған ұрпағы – елдің ертеңі. Сондықтан аналарға көрсетілетін ілтипат ұлттық құндылықтар мен отбасылық дәстүрлердің сақталып, ұрпақ сабақтастығының нығаюына жол ашады.