Шу ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды

0 10

Белбасар ауылында бой көтерген 100 орынды мәдениет үйі – ауыл халқы үшін қуанышты жаңалықтың бірі. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, елді мекен тұрғындарын мәдениет ордасының пайдалануға берілуімен құттықтады.

– Шу ауданы – өнерге бай қасиетті мекен. Бұл өңірден көптеген танымал тұлғалар, ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері шыққан. Олардың шығармашылығы ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарып келеді. Бүгін ашылып отырған мәдениет үйі – сол дәстүрдің жалғасы, – деді аймақ басшысы.

Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Құны 373 миллион теңгені құрайтын құрылысты «Ник Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.

Бұл – ауылдың мәдени тынысын ашатын, руханиятқа жол ашатын маңызды нысан. Жаңа ғимаратта ән, би, көркемсөз оқу үйірмелері жұмыс істей бастады. Барлығы 13 қызметкер жұмысқа орналастырылды. Ауыл жастары үшін шығармашылықпен айналысып, талантын шыңдауға мүмкіндік мол.

– Бұрын ауылымызда мәдениет үйі болмаған еді. Барлық іс-шаралар мектептің немесе басқа ғимараттардың шағын залдарында өтетін. Енді, міне, ауылымыздың ажарын ашатын еңселі мәдениет ошағы бой көтеріп отыр. Бұл – үлкен қуаныш. Жастарымыз бос уақытын тиімді өткізетін болды. Ел болып алғысымыз шексіз, – деді ауыл ақсақалы Естай Күншашов.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы жылдары өңірде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы аймақта 20 мәдени нысанның құрылысы басталса, оның 8-і пайдалануға берілген. Биыл 16 жаңа нысан жоспарланған. Оның үшеуі ел игілігіне беріліп қойды, жыл соңына дейін тағы 8 нысан пайдалануға берілмек.

Белбасар ауылындағы бұл мәдениет үйі – шалғайдағы ауылдарға деген қолдаудың нақты көрінісі. Ауыл мәдениеті дамыса, ел еңсесі биік болады.