Мұқтаж отбасылар баспанамен қамтамасыз етілуде
Мойынқұм ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту және елді мекендерді көркейту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы республикалық бюджеттен 230,1 миллион теңге бөлініп, бұл қаражатқа 12 пәтер сатып алынды. Баспана кезегінде тұрған көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жаңа қоныс иесі атанды.
Биыл тағы 10 пәтер сатып алуға 137,3 миллион теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қосымша 10 пәтерге қаржы бөлу мәселесі қаралуда.
Тек әлеуметтік қолдаумен шектелмей, аудан аумағындағы инфрақұрылымды жаңғырту шаралары да қолға алынған. Көпқабатты алты үйдің шатыры ауыстырылып, қасбеттері жөнделді. Қазіргі таңда аулаларды абаттандыру және жолдарды асфальттау жұмыстары қарқын алып отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалар нәтижесінде тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарып келеді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істердің жемісі.