Бананның көпшілік білмейтін зияны анықталды
Қабығын аршып жейтін жемістердің өзін жумастан тұтынуға болмайды. Бұл ережені елемеу түрлі жұқпалы аурулар тарап, пестицидтерден улануға алып келуі мүмкін. Бұл жөнінде тағам технологы Тамика Симс «Mirror» басылымына берген сұқбатында мәлімдеді.
Маманның айтуынша, банан секілді қабығы желінбейтін жемістер ағынды сумен жуылуы керек. Бұл олардың бетінде жиналған шаң, бактериялар мен «пестицид» қалдықтарын кетіруге көмектеседі. Аталған зиянды заттар жемісті тазарту немесе турау кезінде қол арқылы ауызға түсуі мүмкін.
Бұл, бір қарағанда қисынсыз көрінсе де, алдымен бананды жуған жөн, деп атап өтті Симс.
Ол бұл ережені сақтамау сальмонелла, ішек таяқшасы және листерия сияқты қауіпті микроағзалар тудыратын тағамнан улануға себеп болуы мүмкін екенін айтады. Сальмонеллез кезінде дене қызуы көтеріледі, іш ауырады, диарея мен құсу байқалады. Бұл жағдай балаларға, қарттарға және иммунитеті әлсіз жандарға аса қауіпті — қатты сусыздану кезінде ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін.
Ішек таяқшасының кейбір штамдары іш ауруы мен диарея секілді ауыр белгілерге себеп болуы мүмкін. Кейде бұл бактерия бүйрекке әсер етіп, өмірге қауіп төндіретін «гемолитико-уремиялық» синдромға апарады. Ал, листерияға жүкті әйелдер аса сезімтал: бұл инфекция өздігінен түсікке, мезгілінен бұрын босануға немесе өлі баланың дүниеге келуіне себеп болуы мүмкін.
Симс сонымен қатар, жемістердің бетінде бактериядан бөлек, кір, қоқыс және жәндіктердің қалдықтары да қалуы мүмкін екенін ескертті. Ал, пестицидтердің денсаулыққа зияны көп: олардың салдарынан аутизм, қатерлі ісік, гипертония, қант диабеті және деменция сияқты аурулар дамуы мүмкін.