Ұйықтап бара жатып дененің селк ете түсуі нені білдіреді?
Кейде ұйықтап бара жатып кенеттен құлап кеткендей боласың. Денең селк ете қалады, ұйқың бұзылады. Бұл неден болады және ол қауіпті ме, соны анықтап көрейік.
Бұл не?
Ұйықтап бара жатқанда дененің еріксіз селт етуі – гипникалық сілкініс деп аталады. Бұл – ұйқы мен ояу күйдің арасындағы өтпелі сәтте жиі болатын қысқа әрі күрт бұлшықет жиырылуы. Адам өзін жоғарыға секіріп кеткендей немесе төменге тартылып бара жатқандай сезінуі мүмкін. Кейде құлау сезімі, жарқ еткен жарық, тосын дыбыс немесе қысқа түс көру қатар жүруі мүмкін.
«Sleep Foundation» деректеріне сәйкес, гипникалық сілкіністі сау ересектердің шамамен 70 пайызға дейін бастан өткереді. Әдетте, оның ешқандай қаупі жоқ және емдеуді қажет етпейді. Бірақ, жиілігі мен қарқыны әр адамда әртүрлі: біреулер оны сирек және әлсіз байқаса, енді біреулерде күн сайын болуы мүмкін.
Гипникалық сілкініс –миоклонияның бір түрі. Бұл – бұлшықеттің кенеттен жиырылуын білдіретін жалпы атау (мысалы, құрысу немесе тұншығу секілді). Патологиялық формаларынан айырмашылығы – гипникалық сілкініс ұйқы кезінде болатын қалыпты құбылыс.
Бұл не себепті болады?
Нақты себебі белгісіз, бірақ ғалымдардың бірнеше нұсқасы бар. Ұйықтап бара жатқанда бұлшықеттер босаңсып, тыныс баяулайды, ал ми оны қателесіп құлау ретінде қабылдауы мүмкін. Соған жауап ретінде ми бұлшықетке күрт жиырылу сигналын береді – бұл өзіндік қорғаныс рефлексі.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл құбылыс торлы құрылымның (ретикулярлық формация) қызметімен байланысты. Ол мидағы ұйқы мен ояу күй арасындағы өту кезеңін реттейді. Сигналдардың дұрыс берілмеуі салдарынан күтпеген жиырылу туындауы мүмкін.
Триггер болатын факторлар.
Гипникалық сілкініс қалыпты құбылыс саналса да, кейбір жағдайлар оның жиілігі мен қарқынын арттырады:
Ұйқының жетіспеуі мен шаршау – ұйқы фазасына ми тез ауысады да, жұмысы тұрақсыз болуы мүмкін.
Стресс пен мазасыздық – ұйықтар алдында мидың белсенділігі төмендемейді.
Кофеин мен никотин – жүйке жүйесін қоздырады және ұйқы сапасын төмендетеді.
Алкоголь – ұйқышылдықты арттырғанымен, ұйқы құрылымын бұзады.
Физикалық шаршау – кешкі қарқынды жаттығулар жүйке жүйесінің сезімталдығын арттырады.
Кейбір дәрілер – антидепрессанттар, стимуляторлар және кейбір ұйықтататын дәрілер миоклонияны жанама әсер ретінде тудыруы мүмкін.
Не көмектеседі?
Тұрақты режим сақтаңыз – күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта ояныңыз.
Жайлы орта қалыптастырыңыз – бөлме қараңғы, тыныш әрі салқын болсын. Электронды құрылғыларды алып тастаңыз.
Ұйқы алдында босаңсу – жылы душ, тыныс алу жаттығулары, жеңіл созылу, кітап оқу, баяу әуен тыңдау немесе әлсіз шай ішу пайдалы.
Күнделікті қайталанатын әрекеттер миға «ұйықтау уақыты келді» деген белгі береді.
Дәрігерге қашан қаралу керек?
Күн сайын қайталанып, ұйықтауға кедергі келтірсе;
ұйықтап жатқанда да жалғасса;
бүкіл денеге тараса, ауырсыну, шатасу, бас айналу секілді белгілермен қатар жүрсе;
жүйке жүйесімен немесе ұйқы сапасымен байланысты басқа белгілер пайда болса, онда дәрігерге қаралған жөн.