Ерлік пен елдік өнегесі

0 6

Тараз қаласында жас тәртіп сақшыларының рухани тәрбиесін арттыру, ел тарихына, ерлік өнегесіне құрметті күшейту мақсатында тағылымды іс-шара өтті. Облыстық Полиция департаментінің жас мамандарына арналған экскурсия қаламыздың «Даңқ» залында ұйымдастырылды. Бұл тағылымды іс-шара ардагер журналист, жазушы, Ұлы Отан соғысы мен еңбек майданының ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сырайыл Керімбаевты еске алуға арналды.

Сырайыл Мырзахметұлы Керімбаев – өмір жолы өнегеге, ерлігі елге үлгі боларлық тұлға. Ол 1921 жылы 1 тамызда қазіргі Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Бір жасында анасынан айырылған баланы әжесі Бегімбала бауырына басып, тәрбиелеп өсіреді.

1939 жылы Меркідегі Калинин атындағы орта мектепті тәмамдаған Сырайыл Керімбаев еңбек жолын журналистикадан бастайды. 1940–1941 жылдары Меркі аудандық «Сталин жолы» және Луговой аудандық «Социалистік еңбек» газеттерінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып қызмет атқарып, журналистикаға жас шағынан араласады. Қаламы ұшталып, жазуға ебі ашылып келе жатқанда соғыс өрті бұрқ ете қалады.

1941 жылдың қарашасында Қызыл Армия қатарына алынып, қан майданға аттанады. Сталинград шайқасында танкіге қарсы артиллериялық бөлімде зеңбірек командирі ретінде шайқасады. 4-Украина, 3-Белорусь және 2-Балтық майдандарында жауға қарсы табанды күрес жүргізеді. Ростов, Қырым, Белоруссия, Балтық жағалауы елдері мен Кенигсберг қаласын азат етуге қатысады. Оның ерлігі мен жауынгерлік шеберлігі майдандастары мен командирлерінің жоғары бағасына ие болған.

Соғыстан кейін де ел игілігі үшін еңбек етіп, журналистикада, қоғамдық-саяси өмірде белсенді қызмет атқарған ардагер – бірнеше кітаптың авторы, қаламы жүйрік жазушы ретінде де танылған. Офицерлік шенмен отставкаға шығып, өмірінің соңына дейін өнегелі өмір сүрген Сырайыл Керімбаев 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 2016 жылы 95 жасында дүниеден озды.

«Даңқ» залында өткен шара барысында жас полицейлер ардагердің өмір жолымен танысып, оның ерлігі мен қайсарлығы, туған еліне деген адалдығы туралы мазмұнды мәліметтер алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәрбиелік іс-шаралар жас буынға патриоттық рух беріп, қызметке деген жауапкершілікті арттыра түседі.

Сырайыл Керімбаев – бір ғасырлық тарихты бойына сыйдырған асыл тұлға. Оның есімі ел жадында, ерлігі ұрпақ жадында. Осындай азаматтарды ұлықтау – болашаққа деген аманаттың айқын көрінісі.