Әкелі-балалы сушы
Бүгінде мұрап дегеніңіз елеусіздеу кәсіп көрінгенмен, егін шаруашылығы саласында таптырмас маманға айналып тұр. Өйткені, егістіктен мол өнім алу сол мұрап тарапынан танытылар ерекше бап пен күтімнің арқасында ғана мүмкін болмақ. Кешегі кеңестік кезеңде осы кәсіпті өмірлік серігіне айналдырған жуалылық ата-апаларымыздың даңқы жер жарды. Картоп өсіруде толағай табыстарға қол жеткізген мұраптар Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченко Социалистік Еңбек Ері атанды.
Осы кәсіпті он жылдан бері жанына серік етіп келе жатқан жанның бірі – Түктібай ауылының тұрғыны Ербол Үсіпбекұлы. Ол бүгінгі таңда «Злиха» шаруа қожалығында еңбек етіп, картоп алқабын суаруда.
- Жас кезде оқымаппыз. Оқымасақ та екі кәсіп түрін қатар алып жүрмін. Негізгі жұмысым — дәнекерлеуші. Мынау маусымдық жұмысым. Бүгінде өзім оқи алмасам да балаларым оқысын деп, еңбектенудемін. Ала жаздай күн-түн демей алқап суарамыз. Алқаптан жақсы өнім алу үшін дақылдың суды қанып ішкені маңызды. Аптап ыстықта түнде тұрып суарамыз. Өйтпесек, шілденің ысығына шыдамаған дақыл сабақтары қурап кетуі мүмкін. Су бар жерде тіршілік бар. Қазір 16 гектар алқапты ылғалдандырудамыз, — дейді Ербол.
Ербол бұл маусымнан басқа уақытта темір есік, ошақ пен жылу жүйесін жүргізеді. Тапсырыспен темір арба, қоршау мен басқа да заттар жасайды. Ал, жаздың күні қосымша суға шығып, картоп алқабын суарып жүр. Мұнда картоптың «Жуваль», «Латонна» мен «Аметис» сұрыптары бапталуда.
- Біздің баптап отырғанымыз — жоғары репродукциялы тұқым. Голандиядан былтыр 20 тонна тұқым әкелініп, 6 гектарға отырғызылған болатын. Одан жақсы өнім алынды. Биыл да Голандиядан біраз картоп жеткізіліп, алқаптарға бөліп отырғызылды. Сонымен біз барлығы 16 гектар орналастырылған жаңа тұқымды баптау үстіндеміз. Табысы да жаман емес. Жұмысы ауыр демесең, сушы да бұрынғысынша табысты мамандық. Қазір осы алқаптарды әкемнің көмегімен игерудемін. Зейнетке шықса да бір мезгіл менімен алқап басына келіп, ақылын айтып, маған жәрдемін тигізуде, — дейді Ербол Үсіпбекұлы.
Әкесі Үсіпбек Бегалиев бұл салада қырық жылдан аса еңбек етіп, былтыр зейнетке шығыпты. Қазір ұлына көмекші болып жүр.
«Еңбек өтілімнің 20 жылында кеңшарда сушы болсам, кейінгі жиырма жылдан аса уақытта бауырларым құрған «Злиха» шаруа қожалығында еңбек етіп, сушылар звеносын басқардым. Мені бұл кәсіпке Социалистік Еңбек Ері Мүсірепбек Бектаев пен Әділбек Татеков баулыса, қазір ұлымды мен баулып жүрмін. Еңбектің арқасында жаман болғаным жоқ. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым», — дейді ол.