Шуда іргелі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

0 5

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Шу ауданында болып, өңірдегі бірқатар инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысын, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы жобаларды өз көзімен көріп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Сапар Балуаншолақ ауылдық округіндегі балық шаруашылығынан басталды. Облыс басшысы «KazAquaAlliance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырып жатқан, құны 500 миллион теңгеге бағаланған жобамен танысты. Жылына 500 тонна балық өндіруді жоспарлаған кәсіпорын 17 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, тауарлы балық шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенінің болашағы бар бағыты. Мұндай жобалар ауыл экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Облыс әкімі сапар барысында Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көріп шықты. Жаңғырту жұмыстары маусым айында басталған. Жоба аясында сахна, ойын және спорт алаңдарын салу, жарықтандыру, көгалдандыру, абаттандыру шаралары қарастырылған. Ербол Қарашөкеев аталған жұмыстардың сапасы мен уақытылы аяқталуын қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті.

Шу теміржол вокзалының ғимараты да күрделі жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар, вокзал маңындағы аумақты абаттандыру бойынша жеке жоба дайындалған. Облыс әкімі инфрақұрылым нысандарын жаңғырту – азаматтардың қолайлылығы мен өңірдің транзиттік әлеуетін арттырудағы маңызды фактор екенін атап өтті.

Әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге орай, Ербол Қарашөкеев Қант зауыты маңындағы шағын аллеяға арнайы барып, қазіргі жай-күйімен танысты. Саябақтың күтімсіз күйін сынға алған, аймақ басшысы аудан әкімдігіне нақты абаттандыру жобасын әзірлеп, қысқа мерзім ішінде жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырды.

Сапар барысында облыс әкімі «Qyzylsha Zher» ЖШС егістік алқабын да аралап көрді. Серіктестік 3277 гектар алқапта қант қызылшасын, арпа, пияз және соя өсіруде. Мұнда 50 адам тұрақты жұмыс істейді, техникамен қамтылу деңгейі жоғары – 150-ден астам ауылшаруашылығы техникасы бар. Су үнемдеу технологиялары да белсенді түрде енгізілуде. Ербол Қарашөкеев өңірде жүгері өсірудің маңызына тоқталып, ауданда ірі жүгері өңдейтін зауыт салынып жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапарының соңғы нысаны – «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылыс алаңы болды. Жоба биыл сәуір айында басталған. Ірі жобаны жүзеге асырып жатқан – әлемдік биоферментация саласының көшбасшысы саналатын «Fufeng Group» компаниясы. Жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдеуге қауқарлы бұл зауыт Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналмақ. Болашақта өндіріс қуаттылығы 3 миллион тоннаға дейін жеткізіледі деп күтілуде. Облыс әкімі бұл зауыт ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуда, экспорттық әлеуетті арттыруда және заманауи агротехнологияларды енгізуде маңызды рөл атқаратынын айтты.

Қазіргі таңда «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 791 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба тіркелген. Барлық қатысушыларға жер телімдері берілген. 2026–2030 жылдары жобалар толық іске қосылған соң, 5000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау үшін АЭА аумағын 2800 гектарға кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Облыс әкімінің Шу ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті билікке бірқатар нақты тапсырмалар беріп, орындалуын жіті бақылауға алуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.