Оң серпін де, шешімін күткен мәселелер де бар

0 8

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізген Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Есіркепов биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуда оң нәтиже көрсетіп отырғанын айтты.

Аудан экономикасының негізгі салаларында өсім байқалады. Жалпы шығарылған өнім көлемі 18,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 миллиард теңгеге (122,1 пайыз) артқан. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 5,3 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 100,4 пайызға орындалды. Бұл ретте мал шаруашылығы өнімінде 100,4 пайыз көрсеткіш тіркелген.

Инвестиция тарту да жоғары деңгейде: негізгі капиталға салынған инвестиция 3,9 миллиард теңгеге жетіп, 135,1 пайызға орындалса, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады (159 пайыз). Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3478 шаршы метр болды. Бөлшек сауда тауар айналымы 3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,2 пайызды көрсетті.

Дегенмен, өнеркәсіп саласында белгілі бір баяулау бар. Өнеркәсіп өнімі 7,5 миллиард теңгені құрағанымен, нақты көлем индексі 86,4 пайыз ғана орындалды. Мұның негізгі себебі ретінде Көкқия кен орнындағы карьерді тереңдету, пайдалы компонент құрамының төмендеуі және «Доре» қорытпасының өндірісінің азаюы аталды.

Ауданда республикалық, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 7,4 миллиард теңгеге 13 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар ауызсу, автожол, білім беру, спорт, тұрғын үй және ауылшаруашылығы салаларын қамтиды. Атап айтқанда, Малдыбай ауылында 120 орынды мектеп құрылысы, Қ.Сұлтанбеков мектебін күрделі жөндеу, Құлан ауылындағы спорт кешенінің құрылысы және бес елді мекенде су жүйелерін тарту секілді жобалар іске асырылуда.

Жеке сектор есебінен 6,0 миллиард теңгеге 19 жоба жүзеге асып, 105 адам жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында әмбебап сауда үйлері, мейрамхана құрылыстары, теміржол тұйығы, макарон цехы, өрнек тас және кірпіш өндіру цехы, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізген бірнеше шаруа қожалықтарының жобалары бар. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға 1,4 миллиард теңге жұмсалған.

Аудандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз. Жыл басынан бері 2091 азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, жоспардың 55 пайызы орындалды. 890 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты» жобалары шеңберінде де тұрғындар жұмысқа тартылып жатыр.

Орташа айлық жалақы 282,7 мың теңгені құрап, облыстық көрсеткіштен 8,5 пайызға төмен болғанымен, бұл бағытта да жұмыстар жүргізілуде. 57 кәсіпорында 114 адамның жалақысы орта есеппен 21,4 пайызға өссе, 63 жұмыс берушідегі 187 адамның еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері бойынша жылдық жоспар 110,8 пайызға орындалды. І жартыжылдықтағы бюджет 3,9 миллиард теңге болып бекітіліп, 3,8 миллиард теңге игерілді (97,5 пайыз). Игерілмеген 101,2 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың басым бөлігі республикалық трансферттің уақытылы түспеуіне байланысты. Мәселен, Абай ауылдық округіндегі Қарақат су каналы жобасы бойынша 94,5 миллион теңге толық игерілмей қалған.

Әкім Е.Есіркепов халықпен кері байланысты нығайту мақсатында жыл басынан бері 17 жеке қабылдау өткізіп, 102 азаматты қабылдағанын атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық округ тұрғындарымен 30 кездесу өтіп, 72 мәселе көтеріліп, оның 24-і шешімін тапқан, қалған 48 тапсырма бақылауда. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдерге 74 хаттамалық тапсырма беріліп, қазіргі таңда 42-сі орындалған.

Дегенмен, ауданда шешімін күткен мәселелер де бар. Білім саласында 10 мектепте спорт залы, 5 мектепте асхана жоқ. 18 мектеп, 3 балабақша және 1 жасөспірімдер орталығы күрделі жөндеуді қажет етеді. 7 мектептің қазандықтарын газға ауыстыру қажет. Денсаулық сақтау саласында аудандық аурухананы күрделі жөндеу, Құлан мен Көгершін ауылдарында амбулаториялық пункттер салу қажеттілігі туындап отыр. Луговой ауылында ауыз су мен газ тарту, Арай және Панфилов тұрғын үй алқаптарына кәріз жүйесін жүргізу, 5 елді мекенге инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары күн тәртібінде тұр.

Баспасөз мәслихаты соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әкімге бірқатар сұрақ қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.