Нақты жұмыстар атқарылуда
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясындағы іс-шаралар жоспарының орындалу барысына арналған кеңес өтті. Аймақ басшысы бұл бастаманың ел экономикасы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» – сұранысқа ие кадрларды даярлауға берілген нақты мүмкіндік. Біз бұл бағыттағы іс-шаралар жоспарын бекітіп, арнайы штаб құрдық. Ең бастысы, бұл процесті өңірдегі инвестициялық жобалармен тығыз байланыстырдық, – деді Ербол Қарашөкеев.
Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтың мәлімдеуінше, 2025-2026 жылдары облыста бірқатар ауқымды жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, «1С» сертификаттау орталығын құру, 220 орынды жатақхана салу, алты салалық хаб ашу, шетелдік инвесторларды тарта отырып жаңа мамандықтарды енгізу және мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту көзделіп отыр.
Бүгінде өңірде кәсіпорындар мен оқу орындары арасында 98 меморандумға қол қойылып, 3607 студент дуалдық оқыту жүйесіне тартылған. Сонымен қатар, еңбек нарығының сұранысына сай жұмысшы мамандықтары бойынша 570 мақсатты білім беру орны бөлінген.
Іскерлік әріптестік пен инвестиция тарту бойынша бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. №9 Меркі колледжінде «Мерагро Холдинг» ЖШС қолдауымен «Токарьлық іс» кабинеті ашылады (инвестиция көлемі – 4,5 миллион теңге); №10 Шу колледжінде «QyzylshaZher» ЖШС қолдауымен «Агрономия» мамандығына арналған құзыреттер орталығы іске қосылды; «Казфосфат» ЖШС мен «Шолақтау» комбинаты негізінде химиялық және техникалық салалар бойынша орталық құрылды; №8 Мойынқұм колледжінде «Дәнекерлеу ісі» және «Электрмен жабдықтау» бойынша оқу шеберханалары салынып жатыр; Құлан агротехникалық жоғары колледжінде агро-хабқа 10,2 миллион теңге бөлінген; Жаңатас көпсалалы колледжінде «AutoSkills» кешені бой көтеруде; №9 Меркі колледжінде IT-хаб пен 100 орындық жатақхана құрылысы жоспарланған; Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «KNAUF» ЖШС-мен әріптестікте 25 миллион теңгелік оқу орталығы ашылады.
Кеңеске қатысқан басқарма басшылары мен аудан әкімдері жұмысшы кадрлар даярлау ісіндегі нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биыл еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуын аяқтаған 4 мыңға жуық студентті жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ жыл соңына дейін өңірдің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарына 100 үздік түлекті жұмысқа орналастыру, ашық есік күндерін өткізу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.