Дамудың жаңа кезеңінде
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәслихатында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев 2025 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен алдағы жоспарлар жайлы кеңінен баяндады.
Спикердің айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 59,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиард теңгеге артқан. Атап айтқанда, ауданда 784 келі алтын, 145 келі күміс, 557,9 мың тонна цемент, 358,4 мың тонна әктас және 26,5 мың тонна барит рудасы өндірілген. Сонымен қатар, 17,5 мың шаршы метр қаптау плитасы, 7,7 мың текше метр гранит өнімі, 33 тонна балық дайындалған.
«Ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайызға жетті. Ал, негізгі капиталға тартылған инвестициялар 5,8 миллиард теңгені құрағанымен, өткен жылдарға қарағанда төмен. Бұған дейінгі жоғары көрсеткіш республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жолының құрылысы кезінде инвестициялық қарқынның жоғары болуымен байланысты еді. Биыл және келесі жылдары бұл көрсеткіш қайта өсіп, толықтай орындалатын болады», деді Ермек Амангелдіұлы.
Мирный ауылында Францияның «Total Energies» «Актас Энерджи ЖШС» компаниясы жел электр стансасын салуды қолға алды. Құны 765 миллиард теңгені құрайтын ірі жобаның аясында алғашқы 4 барлау жел генераторы орнатылып, 75 шақырым жол салу да жоспарланған.
Ауданда бөлшек сауда айналымының көлемі 1,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 82,8 пайыз деңгейінде орындалды. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін толықтай атқарылады деп жоспарлануда. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1836 шаршы метрге жетіп, жоспар 133,5 пайызға орындалды. Бюджеттің меншікті кірістері 1 шілдеге дейін 125,7 пайызға асыра орындалып, 392,8 миллион теңге артық түсім қамтамасыз етілді.
Газдандыру бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Қылышбай ауылына дейінгі газ құбыры 7 кезеңге бөлініп, бірінші кезең бойынша 68,5 шақырымның 40 шақырымы тартылған. Екінші кезеңнен бастап ауылішілік және магистралды газ құбырларын жүргізуге қосымша 8 миллиард теңгеден астам қаржы қажет, бұл бағытта Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Ауызсумен қамту мәселесі де өзекті. Қазіргі таңда 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Ақсүйек, Хантау, Ақбақай, Қашқантеңіз, Бурылбайтал ауылдарында су жүйелерінің құрылысы қарқынды жүруде.
Автомобиль жолдарын жөндеуге 304,4 миллион теңге бөлініп, бірнеше ауылдың көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары басталған. Қарабөгет және Мойынқұм ауылдарының кіреберісіндегі көпір құрылысы жүріп жатыр. Электр желілерін жаңартуға 449,3 миллион теңге қаралып, Ақсүйек және Мыңарал ауылдарында ескі сымдар ауыстырылуда.
Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту да назардан тыс қалмаған. Амангелді көшесінің бойы жаңғыртылып, балалар ойын алаңдары, обелисктер, саябақтар абаттандырылуда. Бірлік пен Биназар ауылдарындағы орталық саябақтарға жөндеу жүргізілсе, Қ.Рысқұлбеков саябағы мен аллеяны жаңарту жобалары әзірленіп, жүзеге асырылуға дайын тұр. Ағын су тапшылығын шешу үшін тоғандарды тазалау, бөгеттерді нығайту секілді жұмыстарға 75,3 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде 4,1 мың гектар суармалы егістік игерілмек.
Ветеринария саласында эпизоотиялық жағдай тұрақты. Биназар, Кеңес, Қызылотау және Жамбыл ауылдық округтерінде стандартқа сай ветеринариялық пункттер салынбақ. Қызылотаудағы нысанның құрылысы 95 пайызға аяқталған. Ауылшаруашылығы бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 448 аулаға 2,4 миллиард теңге несие берілді. Биыл 8 азаматқа тауарлық несие беру жоспарланса, қазіргі таңда 4 азамат мал алған. 12 азаматқа қайтарымсыз грант табысталған.
Ауданда 24 мектеп жұмыс істеп тұр, биылғы оқу жылында 5431 оқушы білім алады. Мыңарал мен Қарабөгет ауылдарында апатты мектептердің орнына жаңалары салынды. Күшаман ауылындағы мектеп жабылып, оқушылар әкімшілік ғимаратқа көшірілді. Бұл мектепке байланысты жобалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мәдениет пен спорт саласында да ілгерілеушілік бар. Айдарлы ауылында жаңа клуб пен спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Екі ауылға жаңа футбол алаңы салынып, Күшаманда күрес пен бокс залының жобасы дайындалды.
Денсаулық сақтау саласында 10 заманауи құрылғы мен 4 жедел жәрдем көлігі алынған. Сарыөзек ауылында медициналық тірек салынды. Медициналық құралдардың арқасында жаңа зертханалық тексерулер мен емдеу тәсілдері енгізіліп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы артқан. Әлеуметтік сала бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 111,8 миллион теңге, мүгедектігі бар азаматтарға құрал-жабдықтар алуға 130,7 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, 15 ерекше балаға әлеуметтік жобалар арқылы мәдени және білім беру қызметтері көрсетілуде. «Инватакси» қызметі 14 елді мекенде 48 адамға қолжетімді.
Құқықбұзушылықтың алдын алу үшін 69,1 миллион теңгеге бейнебақылау, жол белгілері, бағдаршамдар, жануарлар макеттері орнатылған. Хантау ауылында иесіз жануарларға арналған арнайы қора салынған.
Баспасөз мәслихаты соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аудан әкіміне түрлі сұрақтар қойып, Ермек Амангелдіұлы нақты әрі тұшымды жауаптарымен бөлісті.