Бюджетке 3,1 миллиард теңге кіріс түсті
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, Қордай өңіріндегі ауқымды жобалар мен жетістіктер туралы кеңінен әңгімеледі.
Дамира Маратқызының айтуынша, ауданның өнеркәсіп саласында 11,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 123,1 пайыз көрсеткішпен жоспардан асыра орындалып отыр. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12,3 миллиард теңге болып, 67,5 пайыз деңгейінде жүзеге асқан. Құрылыс саласы ерекше серпінмен дамуда: 11,5 миллиард теңге көлеміндегі жұмыстар атқарылып, нақты көлем индексі 396 пайызға жеткен. Сонымен қатар, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 22 мың шаршы метрді құрап, бұл 109,1 пайыз көрсеткішке сәйкес келеді.
Ауылшаруашылығы саласында да өсім байқалады — 9,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 85,9 пайызды құрады. Ал бөлшек сауда айналымы 18 миллиард теңгеге жетіп, 105,2 пайызға орындалған.
«Бюджетке 3,1 миллиард теңге көлемінде кіріс түсті. Оның ішінде меншікті кірістер 2,2 миллиард теңге болып, 184,2 пайызға орындалып, 1,1 миллион теңгеге жоспардан артық түсті», – деді спикер.
Аудан халқының өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қордай ауылында 144 пәтер пайдалануға берілді. Үлкен Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория салынса, Сарыбұлақ, Еңбек, Бәйтерек ауылдарында жаңа су құбырлары іске қосылды.
Газдандыру мәселесі де қарқынды шешімін табуда. 41 елді мекеннің 36-сы газбен қамтылған, бұл — 87 пайыз. 2025 жылдың сәуір айында Керу ауылында газ құбырының құрылысы аяқталып, үйлерге қосылды. Бел, Мұзбел, Аңырақай, Бәйтерек ауылдарына газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, энергетика басқармасына ұсынылды.
Гвардейск қалашығында жаңа қазандық, жылу және сумен жабдықтау желілерін, теміржол арқылы өтетін көпір мен кәріз жүйесін жаңғырту сынды алты ауқымды жоба қолға алынған. Мемлекет тарапынан бұл жұмыстардың жобалық құжаттамаларына 242,6 миллион теңге бөлінген.
«Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді таза ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында, ауданда 10 елді мекенде ауызсу жүйесі толықтай жаңартылып, пайдалануға берілді», – деді Дамира Маратқызы.
Бұл жұмыстар бүгінде Шарбақты, Күнбатыс-2, Алға және Гвардейск елді мекендерінде жалғасып жатыр. Қосымша 10 ауылға қатысты жобалық құжаттар дайындалуда.
Жер қорын тиімді пайдалану мақсатында биыл 11 000 гектар игерілмеген жерді мемлекетке қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда 893,9 гектар қайтарылып, 12 552 гектар жер бойынша шара қолдану үшін тиісті органдарға хат жолданған.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қордай ауданында 12 жоба іске асырылуда. Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйі салынып жатса, Үлкен Сұлутөрде заманауи спорт кешені бой көтеруде. Сортөбеде 200 адамға арналған жаңа емхана құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, ұзындығы 24,7 шақырым болатын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалуда.
Жұмыспен қамту саласында да оң өзгерістер бар. 2025 жылдың маусым айына дейін 1445 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның 1744-і әлеуметтік қолдаумен қамтылған. 749 азамат ваканттық жұмыс орындарына жолданған.
Аудан бойынша 100 азамат қысқа мерзімді курстарға, 45 азамат жұмыс орнында оқуға жіберіледі. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 385 азамат оқытылып, оның ішінде 139-ы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуға жолданған. Қайтарымсыз грантпен 150 адам қамтылуы жоспарланып, 45 азамат грант иесі атанған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 618 азамат тартылса, жастар тәжірибесіне 51 адам жолданған. «Күміс жас» жобасы арқылы 63 азамат жұмысқа орналастырылды.
Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Қордайда 3,1 миллиард теңгеге 6016 бас ірі қара, 10879 бас қой, 405 бас жылқы сатып алынған. Сонымен қатар, 4 кооператив 25 техника мен құрал-жабдық алып, 690 тұрғын жеке кәсіп ашқан.
«2025 жылға 1,2 миллиард теңге көлеміндегі 56 жаңа жоба ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылды. Тұрғындар тарапынан жобаға қатысуға қызығушылық зор, өтінімдер әлі де қабылданып жатыр», – деп атап өтті Дамира Сүгірбай.
Баспасөз жиынының соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әкім орынбасарына сұрақтар қойып, мазмұнды әрі тұшымды жауап алды.