Жас таланттар әуелеткен «Әулиеата әуендері»

0 5

Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағы бұл күні ән мен күйге бөленіп, жас дарындардың өнеріне толы шынайы мерекеге айналды. Жамбыл облысының шығармашыл жастарын қолдауға арналған «Әулиеата әуендері» жобасының гала-концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға рухани ләззат сыйлады.

Жас өнерпаздардың шығармашылығын қолдау, кәсіби дамуына жол ашу және ұлттық өнерді заманауи деңгейде насихаттауды мақсат еткен іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

«Әулиеата әуендері» жобасы 2025 жылдың сәуір айында басталып, мамырда аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерімен жалғасын тапты. 271 үміткер қатысқан бұл байқауда 63 өнерпаз облыстық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде «Дәстүрлі ән», «Аспапта орындау», «Вокал» номинациялары бойынша іріктелген үздік жиырма жас гала-концертте өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Кеш жүргізушілері әрбір өнерпаздың туындысын таныстырып, оның тарихи және мәдени маңызына тоқталып отырды.

Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, жастардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі. Ол мұндай жобалардың маңызына тоқталып, өңірдегі мәдени дамудың жастар арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар, естелік статуэткалар мен Алғысхаттар табыс етілді.

Концерт барысында жобаның басты жаңалығы да жария етілді. Қатысушылар орындаған ең үздік әндер мен күйлер арнайы «Әулиеата әуендері» атты музыкалық жинаққа енгізіліп, облыс жұртшылығына ұсынылатын болды. Бұл жинақ – жас орындаушылардың шығармашылығын кең көлемде насихаттауға, олардың өнерін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам.

Кеш соңында барлық қатысушы бірігіп орындаған композитор К.Ертаевтың «Әулиеата әуендері» атты әні жобаның символына айналды. Бұл ән өңір жастарының ынтымағы мен өнерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі болды.

 «Әулиеата әуендері» – Жамбыл өңірі жастарының өнерін ұлықтаған, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген, рухани құндылықтарды дәріптеген тағылымды жоба. Осындай игі бастамалар еліміздің мәдени келбетін байытып, болашақ өнер шеберлерінің жарқын жолына жол ашатыны сөзсіз.