Мен – майдангер ұрпағымын

0 5

Менің әкем Рақым Момынтайұлы кешегі 1418 күн мен түнге созылған қанды шайқастар болған Ұлы Отан соғысында Кеңес еліне басқыншылықпен шабуыл жасаған неміс-фашистерге қарсы майданда жан алып, жан беріскен ұрыстарда ерен ерлік көрсеткен, көретін жарығы бар шығар әрі Алланың бізге сыйлаған нығметі болар, сол қанды қырғыннан елге аман-есен оралған Жеңіс жауынгерлерінің бірі еді. Соғыс басталғанда 40-ты алқымдап қалғанына қарамастан майданға аттанып, 1945 жылы Жеңіспен елге оралған. Одан кейінгі саналы ғұмырында ел экономикасының дамуына бір кісідей үлес қосып, шаруашылықта әртүрлі жұмыстар істеген нағыз майталман еңбек адамы.

Менің білетінім, әкем соғыс басталғанға дейін «Бозарық», «Үшарал» колхоздарында әртүрлі жұмыстар істеген екен. Соғыстан кейін 1945 жылы «Таластан» енші алып шыққан «Түгіскен» кеңшарында құрығы құтты жылқышы болыпты. Ендеше, биыл негізі қаланғанына 80 жыл толып отырған осы шаруашылықтың алғаш қазығын қаққандардың бірі екенінде дау жоқ.

Көкем соғыс туралы көп әңгімелей бермейтін. Біз ержеткеннен кейін «қай жерде соғыстыңыз, қанша немісті өлтірдіңіз, көзі тірі немісті көрдіңіз бе» деген сұрақтардың астына алатынбыз әкемді. Балалық қызығушылық қой. Сонда ол кісі бір күрсініп алып:

«Балаларым, сендер соғысты көрмеңдер! Соғыстың беті аулақ! Жеңіс қашанда әділдік жағында. Немістер Кеңес еліне опасыздықпен, басып алу мақсатында шабуыл жасаған. Бірақ, масқара болып жеңілді. Жеңілгенін қайтейін-ай, миллиондаған адам құрбан болды ғой сол соғыста.

«Пәлен пәшісті өлтірдім» деп өтірік айтарым жоқ. Әйтеуір, кәмәндіріміздің «Алға!» деген бұйрығымен шабуылға шығамыз. Нысанамыз – фашистер. Аямай оқты жаудырамыз. Немістер баудай түсіп қырылып жатыр. Сауап! Өздері ғой өлім іздеп келген. Қасыңдағы қаруласың оққа ұшқанын көргенде қаның қайнап кетеді екен. Ондайда қорқыныш сезімі жоғалып кетеді. Қаскүнем жауды жайрату керек. Сен оны өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Олар айуандар ғой, оларды аямау керек!» – деп екіленіп кететін жарықтық. Әңгімесінің аяғын «Соғыс болмасын! Сендер соғысты көрмеңдермен!» түйіндейтін.

Әкемнің әңгіме айтқанда екіленіп кететіні ол кісі – қазақтың хас батыры Саңырық Тоқтыбайұлының алтыншы ұрпағы: Саңырық – Көшербай – Күнтуған – Тұрсын – Момынтай – Рақым.

Осы жерде қазақ азаматтарының, қазақ жастарының мына мәселені жадыларына мықтап ұстауын сұраймын. Біз «Ұлы Отан соғысы» деп жүрген соғыс – Кеңес елін, Кеңес жерін қорғау үшін болған соғыс. Ал, қазақ халқы үшін нағыз Ұлы Отан соғысы – 1723 жылы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы болған соғыс. Олай дейтінім, Қазақ хандығы мемлекет болып құрылғаннан кейінгі бұл соғыстың жөні бөлек. Бұл соғыста біздің батыр бабаларымыз Қазақ елін, Қазақ жерін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап, бізге – бүгінгі ұрпақтарына мұра еткен. Ол соғыста қазақтың менің Саңырық бабам сияқты қайсар батырлары аттың жалы, түйенің қомында жүріп шайқасқан жаумен. Міне, нағыз Ұлы Отан соғысы! Осыны қазақ жастары біліп өссе екен. Олардың бойында отаншылдық рух қалыптасып, Қазақстанын сүйсе екен, Тәуелсіздігіне тәу етіп, бейбіт өмірдің бағасын білсе екен! Бұл — бүгінде 70-тің ортасына келіп қалған, арғы атасы, әкесі жерімізге көз алартқан атажаумен шайқаста ерлік көрсеткен майдангер ұрпағының тілегі.

Әкем Рақым соғысқа дейін де, соғыстан кейін де еңбегін еліне арнаған жан екенін жоғарыда айттым. Ол кісі анамыз Ұмсынай екеуі бізді – жеті ұл-қызды дүниеге әкеліп, қатарымыздан кем қылмай өсіріп жетілдірді. Құдайға шүкір, сол жетеуден екі әкпем – Ұлжан мен Нұрлан, бір іні, бір қарындасым – Ерғара мен Гүлжан және мен бармыз. Бәріміз де үйлі-барандымыз. Біздің балаларымыз ата-әжелерінің өмірлерін жалғастырып жатыр. Алланың ісі ғой, Күлтән әкпем мен Телғара інім – бақилық! Олардан да ұрпақ бар.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойланып жатқан мерекелі жылда «Мен – майдангер ұрпағымын!» деп мақтанышпен айта аламын. Осы Жеңісті алып жеткен миллиондаған жауынгерлердің сапында Отан қорғаған әкем Рақым Момынтаев бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа медальдармен марапатталған. Олардың қатарына Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50 жылдықтарына арналған мерекелік медальдар қосылды кейіннен.

Әкем біз үшін адамгершіліктің, бауырмалдықтың үлкен эталоны еді. Ол кісінің тұла бойы мейірімділіктен жаралғандай. Олай дейтінім, анам әке-шешеден апалы-сіңлілі екі қыз екен: Қатша апа және біздің шешеміз Ұмсынай. Анамның анасы Зылипа әжем біздің қолымызда болды. Әкем ол кісіге туған анасындай қарап, өз қолымен ақ жуып, арулап жөнелтті о дүниеге. Ал, қайын енесі емес, өз туған ата-анасын қараусыз қалдырып жатқандар немесе қарттар үйіне өткізгендер қаншама! Олардың беті аулақ!

Мен бұл мысалды бүгінгідей адамдар мейірімге шөлдеп тұрған заманда жастарға үлгі болуы үшін келтіріп отырмын. Әрі әкемнің сондай мейірімді жан болғанын мақтаныш сезіммен еске алып отырмын.

Анам Ұмсынай да абзал жан еді. Әкеміздің өмірдегі әрбір жетістігінде анамыздың да үлесі бар. Тілекті де, жүректі де бір арнада тоғыстырған сол асыл жандар – әкем Рақым Момынтайұлы мен анам Ұмсынай Қалықұлқызы «бастарың бір жастықта қартайсын» деген қасиетті бата дарыған кісілер екен. Әкем 94 жасында төрелеп дүние салған. Араға екі жылдай салып анам да аттанды шалының соңынан. Бақилыққа. Жайлары жәннаттан болып, Алла өзінің рақымына бөлесін оларды!

Міне, менің майдангер, ҰОС қатысушы әкем мен бізге өмір сыйлаған анам туралы айтпағым осы еді.