Қаратауда жобалар мен бастамалар сәтті жүзеге асырылуда
Қазыналы Қаратау – өндіріс пен өркениеттің тоғысқан мекені. Негізі 1963 жылы қаланған қаламыз бүгінде Талас ауданының өндірістік орталығы ретінде дамып келеді. 2025 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша қала халқы 28434 адамды құрап отыр. Халықтың 56,8 пайызы – экономикалық белсенді азаматтар. Бұл – қаламыздың еңбек әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Бүгінде жалдамалы жұмысшылар саны 14181 адамды құрап отыр. Сонымен қатар, 1668 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған, ал 340 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген.
Бюджет кірісі де өсіп келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айында қаланың бюджет кірісі 145,3 миллион теңге болып, жоспар 125,3 пайызға орындалды. Бұл – өнеркәсіп орындарының артуы мен салық түсімдерінің жүйелі жүргізілуінің нәтижесі. Әсіресе, жеке табыс салығы мен көлік салығынан түсетін түсім айтарлықтай жоғары болды. Қала инфрақұрылымын дамыту бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Ұзындығы 98,4 шақырым болатын 130 көшенің 80 пайызы асфальтталған. Қалған көшелерді жөндеу жұмыстары 2027 жылға дейін толық аяқталады деп күтілуде. Қаладағы 102 көшенің 64-і жарықтандырылған. Шағын және көпқабатты үйлердің аулалары 100 пайыз жарықпен қамтылған. Жыл басынан бері жеті көшеге жаңа жарық шамдары орнатылды. Табиғи газбен қамту деңгейі 91,33 пайызды құрап отыр. Ауызсу жүйелерінің ұзындығы – 128 шақырым. Қала тұрғындары таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 72,5 шақырымды құрайтын кәріз жүйелерін жаңарту және тазарту мақсатында 2025-2027 жылдар аралығында арнайы тазарту станциясы салынбақ. Оның қуаттылығы тәулігіне 5900 текше метрді құрайды.
Қаланың жылу желілері де кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Биыл 2,6 шақырым жылу құбырын жаңартуға 211,7 миллион теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ орталық қазандықтың резервтік мазут шаруашылығын қайта жаңғыртуға 693,6 миллион теңге қаралып, оның 521,2 миллионы игерілді. Бұл жұмыстар 15 тамызға дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Қалада 158 көпқабатты үй бар. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 1432 азамат тіркелген. Өткен жылы көпқабатты бес үй жаңғыртылып, 372 пәтер кезектегі тұрғындарға берілді. Биыл Б.Момышұлы көшесіндегі №15, №17 үйлер мен үшінші мөлтек аудандағы №64 үйдің құрылысы аяқталып, 225 азамат баспаналы болмақ.
Әлеуметтік көмек те жүйелі түрде көрсетілуде. 2025 жылдың басынан бері 136 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 9 отбасыға тұрғын үй жәрдемақысы берілді. Ал, 2024 жылдың 5 айында 216 отбасыға атаулы көмек тағайындалып, 1600 мың теңге көлемінде тұрғын үй жәрдемақысы төленді. Қаламызда 13 білім беру нысаны, екі спорт мектебі мен бір стадион жұмыс істейді. Тұрғындарға 57 спорт нысаны тәулік бойы қолжетімді. Биыл 76-ға жуық спорттық шара өтіп, 6 мыңдай тұрғын қамтылды.
Тазалық пен абаттандыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Қала тазалығына 4 арнайы техника мен 60 қоғамдық жұмысшы жұмылдырылған. 16 шақырым арық тазартып, 83 тонна күл-қоқыс шығарылды. «Жасыл белдеу» аймағына 10 мың қара тал, қала ішіне 600 қара ағаш, «Батырлар» аллеясына 73 ақ қайың, 146 туя отырғызылды. Желектерді суару үшін артезиан құдығы және Тамды өзенінен су тарту мақсатында екі су сорғы орнатылды. Қала ішінде бес жерде ұңғыма қазылып, пайдаланыла бастады.
Өнеркәсіп саласында да жаңа өндірістер іске қосылып жатыр. Атап айтсақ, «Karatau Chemicals» ЖШС-і 2,88 миллиард теңгеге бағаланатын пиросульфат натрий өндіру зауытын іске қосты. Жоба жылына 25 мың тонна өнім шығаруға бағытталған, 20 гектар аумақта орналасқан және 31 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бүгінде Қаратау қаласында нақты жобалар мен бастамалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Алдымызда әлі де атқарар жұмыс көп. Бірақ, тұрғындардың сенімі мен қолдауы, мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуы арқасында бұл мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Біз үшін әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Бірлесе отырып, Қаратауды жаңа даму белесіне көтереміз.