Қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетілді
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай журналистер қауымын арнайы қабылдап, жылы лебізін білдірді.
Қала басшысы ақпарат кеңістігінде абыройлы қызмет етіп жүрген тілшілердің еңбегін жоғары бағалайтынын айтып, журналистиканың қоғамдағы жауапкершілігі зор сала екенін ерекше атап өтті.
— Бүгінгі қоғамда журналистің рөлі айрықша. Қоғамның дамуы, мемлекеттік саясаттың халыққа дұрыс жеткізілуі, ел мен жер тағдыры жайындағы мәселелердің уақтылы көтеріліп, шешімін табуы – осы сала мамандарының еңбегімен тығыз байланысты. Сіздерге шығармашылық табыс, тың идея, мықты денсаулық және өрелі өмір тілеймін, – деді қала әкімі өз құттықтауында.
Салтанатты жиын барысында Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай да сөз сөйлеп, аймақтағы журналистерге шын жүректен сәттілік пен шабыт тіледі.
Іс-шараға арнайы шақырылған облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ардагер журналист ретінде жас қаламгерлерге бағыт-бағдар беріп, мереке иелеріне ақ тілегін арнады. Одан кейін сөз алған Тараз қаласының Құрметті азаматы, белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы журналистиканың қоғам өміріндегі орны туралы ой қозғап, қалам ұстаған қауымға игі тілегін жеткізді. Ардагер жазушы Тараз қаласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген тілшілер еңбегіне ерекше тоқталды.
Мерекелік кеш соңында қала басшысы Бақытжан Орынбеков бірқатар журналистерге Құрмет грамоталарын, Алғысхат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Іс-шара мерекелік көңіл күймен, жылы тілектермен аяқталды.