Өңір үшін маңызды мәселелер қаралды

0 11

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың  төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде өңір үшін маңызды бірнеше мәселе қаралды. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Кеңесте алғашқы болып «Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің» басшысы Самат Тоқышбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылдың басынан бері атқарылған жұмыстар мен орман алқаптарын қорғау бағытындағы шаралар жайында кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, заңсыз ағаш кесу мен аңшылықтың алдын алу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталды. Сонымен қатар, жаз мезгіліндегі өрт қаупі кезеңіне дайындық барысы, өрт сөндіру бекеттерінің дайындығы және рейдтік іс-шаралардың жиілігі туралы баяндады.

Келесі кезекте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Рамиль Курбанов сөз алып, аудандағы төтенше жағдайлар бойынша қазіргі ахуалды саралады. Ол су тасқыны, өрт және басқа да табиғи апаттарға қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндап, бұл бағыттағы жоспарлы дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғындармен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары, қауіпсіздік ережелерін насихаттау, эвакуациялық жаттығулар мен дайындық сабақтарының маңыздылығы атап өтілді. Бөлім басшысы сонымен қатар материалдық-техникалық база, арнайы техникалардың жарақтандырылуы және кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Әр мекеме тарапынан көтерілген мәселелерді жүйелі түрде шешіп, бақылау және үйлестіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Орман өртінің алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету салааралық үйлесімділікті, дер кезінде ақпарат алмасуды және бірлескен жауапкершілікті қажет ететін міндеттер екенін баса айтты.